Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Кім жауап береді? Аражігін ажырату маңызды!»: Асхат Аймағамбетов қауіпті мәселені ашық айтты

09:34, 21 қазан 2026

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында медицина саласында жасанды интеллектіні қолдануды құқықтық тұрғыдан реттейтін ауқымды түзетулерді әзірлеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл туралы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Бүгінгі таңда пациенттердің өздері денсаулығына қатысты сұрақтарын жасанды интеллектіге қойып, дәрігерлердің де бұл озық технологияны жұмысында белсенді пайдаланып жүргені жасырын емес. Медициналық кескіндерді талдау, деректерді өңдеу, қауіптерді ерте анықтау және маманға шешім қабылдауға көмектесу тұрғысынан бұл жүйенің мүмкіндіктері өте зор.

Дегенмен, жаңашылдықтармен бірге оларды қолданудың құқықтық талаптарын да қатаң нақтылау аса маңызды. Осы мәселенің маңызын тереңірек түсіндіру үшін Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетовтің төл сөзін толықтай назарларыңызға ұсынамыз:

«Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Біз дайындаған түзетулердің ауқымды бөлігі медицинада жасанды интеллектіні қолдануға қатысты. Пациенттер қазірдің өзінде денсаулығына қатысты сұрақтарын жасанды интеллектіге қойып, дәрігерлер оны жұмысында пайдаланып жүр. Бұл технологиялардың мүмкіндігі мол: медициналық кескіндерді талдау, деректерді өңдеу, қауіптерді ерте анықтау және дәрігерге шешім қабылдауға көмектесу. Сонымен бірге оларды қолданудың құқықтық талаптарын нақтылау қажет. Жүйенің қауіпсіздігі қалай тексеріледі? Медициналық деректерге кім қол жеткізе алады? Дәрігерлік құпия қалай қорғалады? Жасанды интеллектіні қолдану қателікке әкелсе, оған кім жауап береді? Адам кеңес сұрайтын қарапайым чат-бот пен қажетті тексеруден өткен медициналық жүйенің аражігін ажырату маңызды. Жауаптың сенімді естілуі оның дұрыс екенін білдірмейді. Сондықтан түзетулерде сапа мен қауіпсіздік талаптарына, деректерді қорғауға, киберқауіпсіздікке, әдеп нормаларына және тараптардың жауапкершілігіне назар аударып отырмыз. Медицинада жасанды интеллект жүйелерін тиімді қолдану және осы саланы құқықтық реттеу міндетін Мемлекет басшысы қойған болатын. Біздің міндетіміз - жаңа технологиялардың дәрігерге көмектесіп, пациентке пайдасын тигізуіне жағдай жасау», – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар