6 қыркүйекте Теміртау қаласындағы Бейбітшілік даңғылында орналасқан тоғыз қабатты үйдің бесінші қабатынан 2021 жылы туған қыз бала құлап кетіп, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ауыр жарақат алған бүлдіршінге дәрігерлер дер кезінде медициналық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға кезінде бүлдіршін бөлмеде жалғыз қалған, ал анасы бұл сәтте ас үйде жүрген. Өкінішке қарай, бұл өңірде жыл басынан бері тіркелген балалардың терезеден құлауымен байланысты 31-ші қайғылы жағдай болып отыр.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға балаларды бақылаусыз қалдырмауды қатаң ескертеді. Мамандар терезелерге арнайы бұғаттағыш қорғаныс құрылғыларын орнатудың, тұтқаларды бекітудің және терезе алдына жиһаз қоймаудың маңыздылығын атап өтеді. Сондай-ақ ТЖД өкілдері масадан қорғайтын торлардың бала салмағын көтермейтінін, сондықтан оған сеніп арқаны кеңге салуға болмайтынын еске салады.