Германияның Гельзенкирхен қаласында орналасқан Sparkasse банкінің бөлімшесіне ірі көлемде ұрлық жасалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Белгісіз қылмыскерлер мерекелік демалыс күндерін пайдаланып, банктің депозиттік ұяшықтар сақталатын қоймасын тонап кеткен. Euronews агенттігінің хабарлауынша, қаскөйлер ғимаратқа қабырғаны арнайы құрылғымен тесу арқылы кірген.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 2700-ге жуық клиент зардап шегіп, материалдық шығын көлемі 10 миллионнан 90 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін. Құқық қорғау органдары оқиға орнын тексеру барысында кәсіби деңгейде дайындалған қылмыстың ізін анықтады.
Полиция өкілдері: «Қылмыскерлер қабырғаны тесу үшін арнайы кәсіби жабдықтарды қолданған, бұл олардың алдын ала мұқият дайындалғанын көрсетеді», - деп мәлімдеді.
Дабыл жүйесі тек 29 желтоқсан күні таңертең іске қосылған, алайда тәртіп сақшылары жеткенше күдіктілер ізін суытып үлгерген. Қазіргі уақытта Германия тарихындағы ең ірі банк тонау оқиғаларының бірі ретінде бағаланған бұл дерек бойынша ауқымды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.