Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қ.Тоқаев өз азаматтарының толық қолдауына ие болған көшбасшы

02:45, 21 қазан 2022 147
Тарихшылардың тәпсірлеп,  өзегімен өрлете  өргізуі бойынша тарихта Тәуке ханның ел билеген кезеңін  алтын  дәуір деп те айдар тағып атап жүр. Қазақ дейтін тағдыр-талайы алағай да бұлағай  ұлттың  ешкімнің есігінен телміре көз сатпай,  өзінің мемлекеттілігін қалыптастырып, тұғырын нығайтқан шағы Тәуке ханның  билікті қолына алған  уағында орнады. Еңселі ел есебінде  айналасымен  де абыройлы қатынас құрған  хандық кезең жайында орыстың саяхатшы ғалымы А. Левшин 1832 жылы  жазған еңбегінде  қазақ халқының алтын ғасыры  Тәуке ханның билікті жүргізген шағы деген байлам жасайды. 

Тарихқа бойлап,  Тәукенің  тізгінді қолына алғанға дейінгі һәм отыз жыл ел басқарып хандық құрған шағынан кейінгі кезеңді қараңыз,  еліміздің басынан алағай, бұлағай заман өткенін бағамдайсыз.  Қоғамның арасалмағын теңшеу жолында құқықтық зайырлылықтан гөрі тізеге  салып белден басып жіберу күш алған кездерді де өткердік. Билік қолына тигенде Тәуке хан 1680 жылдан бастап елдің ішін алатайд бүлдіруге ұмтылған жетесіздердің  бассыздығын тиюды мықтап қолға алды.  Үш бидің  арына жүк сала отырып, «Жеті жарғыны»   шығарып, құқықтық принциптерді негіз етті.  Айналасына қандай да бір кесірін тигізіп, залалын төндіргендерді айыбына қарай жазаға тартты. Құқықтық мемлекет қай кезде орнықты деген сауалға  ғалымдарымыз Тәуке ханның  хандықты атқарған кезеңін  атайтыны сондықтан.  Хандық  лауазымын әділ атқарып,  қайраткерлік кемеліне лайықты еңбегімен жеткен ханын халқы әз Тәуке деп атауы тегін емес.  «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханынң ескі жолының» өрісін кеңейтіп,  дамытып  жазылған «Жеті жарғы» заңдар жинағын халқына таратқан әз Тәуке құқықтық мемлекет құруда аянған жоқ.  Тұтастылықтың тұрақтылығын сақтап, хандықты нығайту жолында жарыққа шыққан «Жеті жарғыдағы» әділеттілікке бастайтын жеті өзгеріс елдікті  нығайтты. Таралғысына төрт түлік біткен малды-жандыларға малының есебінен мемлекетке салық аудартып, әр ру, тайпаның таңбасын мемлекеттік рәміз дәрежесіне көтеру де әз Тәукенің тұсындағы тірліктер болатын.  Жазалаудың да ауыр-жеңілін адамзаттың  бәріне ортақ іске асырып, адам құнын төлеуде, айыпкерді дүрелеуді де  заңдық тұрғыдан  берік етіп әрбір таптың құқықтарын  күшейтті.  Мемелекетті ішінен ірітуге, бүйі тигендей  бүлдіріп  ту-талақайын шығаруға  өршеленген сатқындар,  кісі қанын мойнына жүктегендер де «қанға қан» жазасымен ажал құшып отырды.   Билер сотының қуаттылығы шығар, ар алдындағы ақталуларға  қарап кейбір жазатайым оқыс жайт, кісі өліміне әкеп соққан қанды қылмысты екі тарапты мәмілеге шақыра отырып, құн төлеумен  жымдастыру да «Жеті жарғының» негізінде жүзеге асты. Әз Тәуке құқықтық мемлекетті құра отырып,  ел ішіндегі демократиялық ұстанымды да тұншықтырып, буындырған жоқ, керісінше, өріс ашып берді. Анасын балағаттаған қыздың жазасын өз шешесіне қалдыруы секілді мысалды айтуға болады бұған. Орыс ғалымы А.Левшин «Қазақ хандығының Ликургы» деп баға берген әз Тәукенің  «Жеті жарғысы» өміршеңдігін сақтап өткен ғасырдың басына дейін, тіпті қазан төңкерісіне дейін де қолданылып келді.

Қоғамның көтерілген  ыстығын басуда демократиялық жолмен «дем салудың» әсері мол. Рас, қаңтар оқиғасында қамалғандардың ішінде қосақ арасында кеткендер, айтаққа еріп алашапқын болғандар да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев  1 қыркүйек күні Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысып, істі болғандарға  бір реттік рақымшылық жасалатынын айтқан. Күні кеше төменгі палатадан келген  заң жобасын Сенат  иін қандыра қайта қарап, кем тұсын толықтырып қабылдады. Президенттің тапсырмасына сәйкес енді қаңтардағы дүрбелеңде арандатушылардың аранына түсіп, аңдаусызда айдалып кеткендер, жаппай тәртіпсіздікке желіккендердің жетегімен ілескендер,  құқықты бұзуға ұмтылғандарға қарсы әрекеттердің жолын бөгеуде қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берген  құқық және әскери органдардың қызметкерлерін жазалау мерзімін шегеріп, кейбірін жасаған қылмысының салмағына қарай жазасын өтеуден босату жүзеге асырылады. Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сай Қаңтар оқиғасы кезінде қамалғандардың арасынан 1500-ге жуық  адам  рақымшылыққа ілініп, гуманизм  рухын сезінетін болады.

Демократия дегенде  көңілге қонатыны  – халықтың өзі таңдаған, қолайына жағатын билік жүйесі. Демократияның дендеп енген ортасы АҚШ-тың 16-ыншы президенті болған Авраам Линкольн қолына билік тізгіні тигенде өлараға шақтағы АҚШ  шатқаяқтап тұрған еді. Қоғамның шынысы шытынап шағылуға шақ қалған бетбұрыс кезеңінде президенттікке келді.  Құлдарға азаттық әперумен қатар  күнгей мен теріскейдің арасындағы текетірес азаматтық соғыста жеңіске жетіп, ұлтты біртұтастыққа біріктіре алған Авраамды американдықтар не үшін құрметтеп, қадір тұтады?  Америка Құрама Штаттарының ұлылыққа бағыт алуына жол сілтеп, көшті алдымен өзі бастап жүре алғаны үшін.  Қалауына ханның түйесін де сойдыра алатын халықтың жүрегіне мықтап орнығу азаматтық ісіңнен екендігін Линкольн рәмәтлік уағында-ақ дәлелдеп кетті. Демек, дәл қазіргідей дауылы күшейген  дүрбелең дүниеде кімге де  болсын демократияның демін қыса беру қысастығы қырғынға бастайтын қадам саналмақ.  Жарақатынан сақаймай-ақ жантәсілім еткен Авраам Линкольннан көп  кейін АҚШ-тың 32-інші президенті  болған Франклин Рузвельтті америкалықтар бір емес, төрт мәрте президенттікке сайлады. Тіпті жұлынға түскен обыр ауруының асқынуынан қырыққа жетпей арбаға  таңылған талантты басшы  АҚШ-ты ұлы тоқыраудан алып шықпап па еді. Кіді мінез, кірпияз көңіл  америкалықтар арбадағы адамның ақылына 13 жыл бойы ден қойған жоқ па.   Экономикалық тұралаудан тек «Жаңа бағдарлама» қабылдап, банк ісін  іске қосу арқылы шыға  білді. Жұмыссыздықты әрі аштыққа ұрынған ағайынға қол ұшын созатын  мекемені  әрбір федералдық әкімшіліктерден ашып тастады. Ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптің еңсе тіктеуіне серпін берер заңды да қысқа мерзім ішінде қабылдатты. Нәтижесінде елдің иығына мінген ауыр дағдарысты жеңе алды.   Әлеуметтік реформаларды іске қосып тиянақты орындатудың арқасында төрт жылға созылған (1929-1933) «ұлы депрессияны» жеңіп шығу жолында  жастарға жеңілдік жасалып, жұмыссыздықты құрылысқа телу арқылы оң шешім  қабылдады.  Ауылшаруашылығы саласындағы сансыраған фермерлердің жанданып алуына жағдай жасап, несиесін шегерді, субсидия  берді.  Тұрғын үй саясатындағы сілкініс деп  мемлекеттің өзі жеке адамдардың  төлеміне  қолдау көрсетіп демеу арқасында  баспаналы азаматтардың саны өскенін айтуға болады. Тізе берсең, тізім толады. Сүйегі әлдеқашан ақсөңке болып қурап кеткен Франклин  Рузвельттің елі үшін риясыз жасап кеткен жақсылығы саналатын реформасының ұшқыны бүгінгі АҚШ билігінде әлі де бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев  елде билік тарнзитін қолына алғанына тоғыз ай толғанда «педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, қолданысқа енгізді. Бұған дейін ағарту саласында ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да жалақысыз жегілетін елдегі педагогтер кәсіби қызметіне кірмейтін шаруалардан босатылды. Еңбекақысы көбейді, әлеуметтік статусы айтарлықтай  жоғарылады. Көгілдір отынға көміліп отырғанымызбен отыз жылыдң ішінде Сарыарқа мен солтүстікке көгілдір отынды тарта алмай келгенбіз. Құрылысы әлдеқашан басталып аяқсыз қалған айтулы жоба да аяқталып, көк түтіннен құтылатын шақ туды.

Франклин Рузвельт жастарға сенім артқаны  орасан олжа әкелгені секілді, Қ.Тоқаев та «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасын іске қостырып, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары мен колледждер  күрделі жөндеу көріп, жаңартылып, заманауи үлгіде жарақталды.  Бірақ бұл осы саланың  қолат-қолатындағы қадау-қадау қордалы мәселенің барлығы шешілді деген сөз емес. Атқарар жүк те көп, арқалар аманат та ауыр.  Саясаттанушы Мақсат Жақау Жау қуғандай асығыстық абыройсыздыққа ұрындырады дейді. «Осы жазда  референдумды не үшін өткіздік?  Біздің елде демократияны шеттен келіп  қаймана біреу орнатып кетпейді, бәрін жасайтын өзіміз.  Отыз жылдың ішінде авторитарлық режим  сүйегімізге дейін сіңіп кеткені жасырын емес.  Суперпрезиденттік режимге мелдектеп қалған  қоғамды алып шығу үшін Қ.Тоқаевқа қыруар жұмыс тұр атқаратын. Халықтық референдум өткіздік, енді  сол арқылы Ата заңымыздың тамырына қан жүгіртіп демократиялық қоғамды құруға талпыныс  жасауымыз керек.  Кешегі өткен қаңтар оқиғасынан кейін президент  биліктің қалғуын қоғам кешірмейтінін, ел талабын  сол сәтінде тыңдап жүзеге асыру жолында саяси реформаларды жасау қажет екенін өзі де айтқан болатын. Содан кейін халықтың арманына айналып тұрған  демократиялық өзгерістерді ертеңге ысыра бермей бүгінгі күнде орындауға кіріскенін байқап отырмыз. Нәтиженің қандай болатынын уақытында көреміз. Қандай саяси реформа жасаса да халықтың талқысын,  сарапшыларды,  саяси жауырыншыларды да тыңдап, пікірін ескере отырып қадам жасауын жақсылықтың бастауы деп білемін»  дейді. Қалай болғанда да  өткел үстінде ат ауыстармау қажет екенін барша ел бағамдап отыр.

Қуан Есенбай

 

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?