Жангелдин ауылындағы отбасын өлтіру дерегі бойынша басты күдіктілердің бірі, Индонезиядан экстрадицияланған Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі таңда Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығында бақылауда жатыр, деп жазады Alash.kz.
Марқұмдардың туыстары мен күдіктінің анасы Гүлнар Азмықанова Ақбаянның психикалық жағдайына қатысты бұған дейін де алаңдаушылық білдірген еді. Анасының айтуынша, келіні бесінші баласын босанғаннан кейін күрделі психологиялық күйзеліске түсіп, бұған дейін де арнайы ем қабылдаған. Тіпті, медициналық көмек алу мақсатында Түркияға барып қайтқан кездері де болған. Айта кетейік, Ақбаян мен басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев 2022 жылдан бері ресми некеде тұрмаған, ажырасу процесі әйелдің ата-анасының талабымен жүзеге асқан.
Қылмыстық істің жаңа деректері бойынша, 9 наурызда Сәрсемалиев бұрын жалдап тұрған Геолог поселкесіндегі үйдің ауласынан Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйіттері табылды. Іздеу жұмыстарына георадар сияқты жоғары технологиялық құралдар тартылды.