Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Қанатұлы Аймағамбетов мектеп асханасындағы басшылық пен санитарлық дау хақында енгізілген өзгерістер мен қаралған мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы депутат ҮouTube желісіндегі Қасқа Жол подкастында мәлімдеді. Жүргізушінің "мектеп асханасы мектеп директорына бағынбайды. Ал, егер асханадана қандай да бір былық шықса, мектеп директорына айыппұл салынуы мүмкін. Бірақ, неге айыппұлды өзіне бағынбайтын асхана үшін директор төлеу керек?" деген сұрағына жауапты енгізілген өзгерістер арқылы берді. "Бұл парадокстың шешілу жолы жүйенің дұрысталуында" дейді халық қалаулысы.
- Бізге тепе-теңдік керек. Директорға бәрін бағындырып қою керек пе? Проблема бағынуда емес. Проблема жүйеде. Бүгінгі күні СЭС-тің тексерулері бойынша үлкен мәселе - санитарлық талаптарға сай екеніне СЭС тексеру жүргізу үшін алдын-ала жарты жыл/бір жыл бұрын "мен келемін" деп хабарын беруі керек. Мен келіп, мына үш мәселені қараймын десе, соны қарай алады. Бірақ, басқа проблеманы көрсе, қағазында болмаса, ол түк айта алмайды. Міне, осы- жүйе! Ол қаншалықты тиімді? Меніңше, мүлде тиімсіз. Өйткені, ол бүгін келетінін біледі. Жинап қояды. Дайындап қояды. Ол кеткесін қайтадан өз орнына келеді. Сондықтан, біздің бастамамызбен енгізген өзгеріс - енді СЭС мектептің дәретханаларын керек болған жағдайда, тамақ ішетін жерлерін, тіпті балабақшаларды қарау үшін ескертпей, дер кезінде келеді. Күні кеше ғана ол заңды біз қабылдадық. Дер кезінде келіп, кемшіліктер болса, анықтап, ұсыныстарын айтып, сол ұсыныспен жұмыс істеу керек, - деді Асхат Қанатұлы.