Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Президент тапсырмалары орындалуда

16:53, 30 тамыз 2024 327

Президент былтырғы Жолдауында аймақтарды дамыту мәселесіне мән беріп, орындалуы керек бірқатар тапсырмаларды атап өткен болатын. Сол кезден бүгінгі уақыт аралығында олар қандай деңгейде орындалды? Аймақтардың дамуында өсу байқала ма? Бұл сұрақтарға экономист Сапарбай Жұбаевпен сұхбаттасып, жауап алдық. Бұл жайлы Alash.kz ұлттық порталы жазды.

Оның айтуынша, бүгінде аймақтарды дамыту мәселесі басқаларға қарағанда әлі де кенде қалып отыр.

«Өткен жылғы 1 қыркүйектегі Президент Жолдауы экономикалық даму мәселесіне басымдық берген еді. Экономиканың дамуы Қазақстанның жалпы әлеуметтік дамуына тікелей байланысты. Бірақ бізде аймақтарды дамыту мәселесі кенде қалып жүр. Неге? Себебі біз унитарлы мемлекетпіз деп барлық нәрсені бір орталыққа жиюға, республикалық бюджеттен көп табыс жиып, оны аймақтарға донор ретінде беруге үйреніп қалдық. Қазақстанда 17 облыс, 20 өңір, 3 мегаполис қала бар дейміз. Соның үшеуі ғана Атырау, Алматы, Астана қалалары донор да, қалғандары Астанаға қарап тұр. Сондықтан осы мәселені өзгерту үшін Президентіміз өткен жылы аймақтардың дамуы, олардың қаржылық жағдайын жақсарту, инвестицияларды дұрыс тарту туралы, транспорт, логистика мәселелеріне, өңірдегі жастардың жұмыссыздық мәселесіне, халықтың мегаполис қалаларға ағылмауын қадағалау мәселесін көтерген еді. Үлкен кәсіпорындарда, квазимемлекеттік кәсіпорындарда, шенеуніктер арасында жемқорлықтың белең алып тұрғандықтан, субсидиялар мен инвестициялар қарапайым халыққа жетпей, тұрғындар жәрдемақылар да ала алмай қалады. Осы мәселе бойынша Президент үлкен тапсырма берген еді. Әрине, өзгерістер бар, бірақ мардымсыз», – деді ол.

Экономист Президент тапсырмасындағы жұмыстардың түгел орындалмауына бірнеше себептерді атап, мысал келтірі.

«Осы Жолдаудағы тапсырманың мардымсыз болып, орындалмауына не себеп? 30 жылдан бері Алматы мен Астана арсындағы жолдың ретке келмегені, дамымай қалған аймақтар мен су, газ жетпеген ауылдар туралы сұраған кезде оған жауапты адам мың түрлі себептерді тізіп береді. Оның бәрінің артында жемқорлық жатыр. Осындай көп нәрселер жемқорлық салдарынан орындалмай жатыр. Олар орындалуы үшін не істеу керек? Президентіміз 2019 жылдан бері бюджеттің табысын көтеру керек, квазимемлекеттік кәсіпорындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесін азайту керек дегенді айтып келе жатыр. Одан кейін жерді әкімдердің емес диқандардың қолына беру керек. Сонда ауылдағы жастардың жұмыс істеуге, фермалар ашуға мүмкіндіктері болады. Ал бүгінде біздің ауылдағы жастарымыз не жер ала алмайды, не кәсіпкерлікпен шұғылдана алмайды. Сондықтан ауылдағылардың жеке бизнесін бастауына мүмкіндігі жоқ. Сол үшін осы нәрсені өзгертпегенімізше аймақтардың өсу мәселесі өте күрделі», – деп пайымдады экономист.

Былтырғы Жолдауда айтылған тапсырманың орындалуы көңілден шықпады деген ол биылғы Жолдаудан не күтетінін айтты.

«Алдағы болатын Жолдауда қандай мәселе көтеріледі деген ой. Биылғы ел ішіндегі ауыр жағдай су тасқынынан, техникалық апаттан зардап шеккен өңірлерге берілген қаржыларды табысты жүзеге асыру мәселелерін біз шешілгенін күтеміз. Осы мәселеге көбірек көңіл бөлу керек. Одан кейін квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіріп, дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттердің жолымен жүруге әрекет жасауымыз керек. Себебі бүгінгі күнде еліміздің ішкі өнімінің 55-60 пайызын осы мемлкекттік, квазимемлекеттік кәсіпорындар береді. Жерді де жекешелендіру мәселесі – оларды диқандарға беру.

2019 жылы Президент бірінші Жолдауында да айтқан еді. Бай кәсіпорындар, банк, квазимемлекеттік кәсіпорындар прогрессивті салықты еден жуушы мен медбике сияқты 10 пайыздан емес, 15-25 пайыз төлесін деген еді. Сол нәрсені 5 жылдан бері билік делсалға салып келе жатыр. Неге ол дер кезінде орындалмайды? Биліктегілер енді Ұлттық қордың ақшасын өалтасына салуға тырысып жатыр. Неге десеңіз, бюджеттің тапшылығын сылтау етеді. Келесі жылғы бюджеттің жоспары да дәл сондай болып жатыр. Яғни 25 трлн-дық шығынды қаптау үшін, 16 трлн-ы салықтан түсіп тұр да, қалған 9 трлн-ның 4 трлнын тапшылық деп, ал 5 трлн-ын Ұлттық қордан алмақшы. Біздің экономикаға шетелдіктердің инвестициялар көбірек салуына, несиелер алуымызға мүмкіндіктеріміз болады. Оған Ұлттық қор кепілдік болуы керек. Ал қазір Ұлттық қордан ақша алудың қажеті жоқ», – деді С. Жұбаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар