Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды қалай қортындылады?

21:13, 30 желтоқсан 2024 737

2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуы мен халықаралық қатынастарды нығайту бағытында қандай жұмыстар атқарды? Президент 1 жыл ішінде қандай заңдарға қол қойды, қандай мемлекеттерге жұмыс сапарымен барды, қандай келісімдер жасалды, қандай маңызды оқиғалар болды? 

Осы және өзге де сұрақтарға Alash.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

Сонымен, Қ.Тоқаев 2024 жылы 4 мыңға жуық маңызды құжатқа қол қойыпты. Олардың 95-і заң, 319-ы жарлық 81-і бұйрық, 28 түрлі отырыс хаттамасына, 3456 қызметтік құжатқа қол қойған.

Сондай-ақ Президент 41-рет ішкі жиналыстарға қатысса, 137-рет жеке кездесу өткізген. 60-астам өндірістік және мәдени нысандардың ашылуына қатысты. Осы жұмыстар барысында Қазақстанның 11 өңірін жұмыс бабымен аралаған.

Тоқаевтың 2024 жылы бастаған ең іргелі жұмыстарының бірі һәм бірегейі – Алатау қаласының құрылуы туралы шешім. Алматы мен Қонаев қаласының ортасынан бой көтеретін Alatau City XXI ғасыр талабына сай ғылым техника, жаңа технология қаласы болады.

Таратып жазайық.

Аймақтарға сапарлар: Президент еліміздің 11 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 60-тан астам өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысты, жұртшылықпен кездесті.

Ұлттық құрылтай: 15 наурызда Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын өткізіп, ұлттық құндылықтарды нығайту және әлеуметтік мәселелерді талқылады.

Халықаралық іс-шаралар:

Тоқаев 23 рет шет мемлекеттерге сапарлап, 19 халықаралық форум мен саммитке қатысты.

Әр түрлі елдердің басшыларымен 27 кездесу, сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен 84 кездесу өткізді.

22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады.

 

Жасампаздыққа толы жыл

Қасым-Жомарт Тоқаев қызметінің негізгі нәтижелері

2024 жыл Қазақстан үшін бірлік пен жасампаздыққа толы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда ауқымды өзгерістерге жол ашты. Президенттің ел игілігі үшін атқарған қызметінің негізгі нәтижелері осы бағытта анық көрінді.

Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайда бірлік пен әділдік, патриотизм және жаңашылдық идеяларының маңызы айқындалды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, вандализм сияқты әлеуметтік проблемаларға қарсы жаңа заңдар қабылданып, халықтың қауіпсіздігі күшейтілді. Бұл бір.

Екінші, табиғи апаттарға қарсы күрес және халыққа көмек жылы болды.

Көктемдегі су тасқындары Қазақстанның 10 облысына үлкен залал келтіргенімен, мемлекет халықты қорғау және қолдау бойынша шұғыл шаралар қабылдады. 19 359 үй тексеріліп, 5 767 жаңа баспана сатып алынды, ал 9 156 үй жөнделді. Мемлекеттік көмекке 54,7 миллиард теңге бөлінді.

Үшінші, Президенттің экономика саласындағы бастамалары аясында 2024 жылы 9,8 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. 15,8 триллион теңге негізгі капиталға құйылып, 134 жаңа жоба іске қосылды. Сондай-ақ, транспорттық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде Қазақстан жаңа халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

Төртінші, әлеуметтік жобалар және білім беру бойынша бірқатар жұмсытар атқарылды.

Мәселен, ұлттық “Жайлы мектеп” жобасы аясында 217 мектептің құрылысы басталып, 36 мектеп іске қосылды. Денсаулық сақтау саласында 276 медициналық мекеме салынып, ауылдық жерлердегі алғашқы көмек көрсету орындары жаңғыртылды.

Бесінші, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 2024 жылы рекордтық 26,7 миллион тонна астық жиналып, аграрлық секторда жаңашылдықтар енгізілді. Саланы дамыту мақсатында селекция және тұқым шаруашылығын қолдау бағдарламасы іске асырылды.

Алтыншы, халықаралық қатынастар және дипломатия бағытында да биыл табысты жыл болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл ішінде 23 шетелдік сапар жасап, 19 халықаралық саммит пен форумға қатысыпты. Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы беделі артып, елдің саяси және экономикалық мүдделері әлемдік аренада тиімді қорғалды.

2024 жыл еліміздің даму жолында маңызды кезең болғаны анық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары Қазақстанды жаңа биіктерге жетелеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға, кедейшіліктен құтылуға бағытталды. Заң нормалары салтанат құратын мемлекеттің іргетасы қаланды. Әділетті Қазақстан талаптары орындала бастады.  

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар