Өскемендегі дәмханалардың бірінде бұзақыға ескерту жасаған полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні орын алып, жанжал кезінде тағы бір тұрғын жарақат алған.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті таратқан мәліметке қарағанда, 40 жастағы жергілікті тұрғын қоғамдық тамақтану орнында өзін ерсі ұстаған азаматқа барып, тәртіпке шақырған. Осыдан кейін туындаған төбелес барысында күдікті оған ауыр дене жарақатын келтіріп, салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, бұзақының әрекетінен екінші азамат та зардап шеккен.
Ресми ведомство өкілдері оқиғаның мән-жайына қатысты:
«Қаза тапқан азамат полиция қызметкері болған. Оқиға кезінде ол қызметтік міндетін атқарып жүрген жоқ. Тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер ашып айтылмайды», — деп хабарлады.
Тәртіп сақшыларының сөзінше:
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті бірден анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды».