Қарағандыда учаскелік полиция пунктінде ес-түссіз табылған учаскелік инспекторға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сұмдық оқиға орнында күдіктінің қасында 23 жастағы келіншектің өлі денесі жатқан болатын. Полицей мен әйел есірткіден уланған деген ақпарат бар. Араға бір жыл салып басталған сот ісін судья жабық жағдайда қарау туралы шешім қабылдады.
Сот процесіне марқұмның анасы мен апасы келген. Олардың мүддесін облыстық прокуратура қорғайды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 370-бабы, яғни қызметтегі әрекетсіздік бабы бойынша сотқа жеткен. Оқиғаның ауыр жағдаймен аяқталғаны ескерілсе, айыпталушыға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.
Сот отырысы басталмай жатып, айыпталушының қорғаушысы істі жабық түрде қарауды сұрады.
«Сот ісінің жабық жағдайда өткенін талап етеміз. Өйткені іс материалдарында тараптардың интим сипаттағы әрекеттері суреттелген тұсы бар. Сонымен қатар екеуара бір-біріне жазған хаттарында да осындай сипаттағы жазбалар бар. Бұл фактілер қоғам назарына шықпау керек деп санаймын», — деді адвокат Әсет Түбеков.
Судья адвокаттың бұл талабын орындап, БАҚ өкілдерін сот залынан шығарып жіберді. Бірақ марқұмның туыстары тілшілердің процестен шеттетілуіне мүлдем қарсы. Олар полицияның тірек пунктіндегі сол кездегі жағдайды жұртшылық білуі тиіс деп есептейді. Тергеудің өзі бір жылға созылып, соттың жабық өтуіне қарап, жақындары күдікті жеңіл жазамен құтылып кете ме деп қауіптенеді.
«Шешесінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайтын. Шақырып алып, сондай дәрежеге жеткізді. Өзінің несіне пайдаланған ғой, сондай әрекеттерге. Өтемақысын өтесін, бала жетім қалды, күнде анасын іздеп жылайды», — деді марқұмның нағашы әпкесі Айгүл Сүлейменова.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 2025 жылдың 30 қыркүйегінде орын алған еді. Полиция пунктінде ес-түссіз жатқан екеуді учаскелік инспектордың әріптесі кешкі сағат он шамасында тапқан. Марқұм 23 жастағы қыздың жалаңаш күйде болғаны хабарланған. Ал полицияда 2011 жылдан бері қызмет еткен 36 жастағы полиция майоры ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Ол есін жинаған соң жұмыстан қуылды және тергеу изоляторына қамалды. Марқұм келіншектің артында бес жастағы ұлы қалды.
Осы оқиғадан кейін Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасы мен облыстық полиция департаментінің бірқатар лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қатаң сөгіс алды. Ал сол ауданның полиция бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.