Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Өз еліңді сонша тонауға бола ма?": Экс шенеунік Амалбек Тшанов Назарбаев туралы айтты

14:20, 03 шілде 2024 580

Белгілі саясаткер, мемлекет қайраткері Амалбек Тшанов бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болып қызмет еткер кезі туралы айтты, деп хабарлайды Alash.kz Dalanews.kz сайтына сілтеп.

"Мен ол кезде үлкен бірлестіктің бас директорымын, сонымен қатар, Жоғары кеңестің депутатымын, әлі жаспын. Оған дейін саясатқа араласу ойымда болған жоқ. Себебі мен үшін өндірісте жұмыс істеу бақыт болатын. Кейіннен маған сондай ұсыныс (Назарбаевтың кеңесшісі болу туралы) болды. Әрине, мен қуана қарсы алдым. Жаңадан президент сайланған, мен Жоғары кеңестің депутаты есебінде бәріне қатыстым. Оңтүстік Қазақстанның өкілі болып бардым. Бар пейілімізбен Нұрсұлтан Әбішұлының президент болуына аянбай қызмет еттік. Оның бәрін жұртқа түсіндірдік" - дейді Амалбек Тшанов Barys media-ға берген сұхбатында.

Тшанов Назарбаев талантты адам болғанын айтады.

"Білімі жағынан ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ оған Алланың берген таланты бар. Қандай топ болса да сол жерге кіріп кетеді, домбыра да тарта салады, өлең де айта салады. Сол таланты бәрімізге айдай көрінді. Әлемдегі алдыңғы қатарлы ел боламыз деген ой бәрімізде болды. Соның қасында жүргенімізге мақтандық. Кейін маған қалаға әкім болуға ұсыныс жасады. Алдына барып жұмыс сұрамадым, ойламаған жерде қалаға әкім етті. Маған берген сенімді ақтау үшін ұйқысыз жұмыс істедім", - дейді саясаткер.

Амалбек Тшанов Назарбаевтың пейілі бұзылғанын 2007 жылы білгенін айтады. 

"Бұл кісінің пиғылы өзгергенін 2007 жылы байқадым. Мен барлық жерге өзімді ұсынып депутат болдым. Бірақ маған президент тарапынан Тшановты өткізбе деген қарсылық болған жоқ. Маған қарсылық жасаған - марқұм  Сұлтан Сарыбайұлы, оның орынбасары Тұрысбеков. Екеуі көп кедергі жасады. Солар президентке кіріп, Тшановты өткізуге болмайды деген екен. Бірақ президент "өзі өтетін болса кедергі келтірмеңдер" депті. 

Кейіннен жемқорлық осы кісінің басшылығымен басталды ғой. 2007 жылы бізді таратқаннан кейін партиялық тізім басталды. "Отан" партиясы құрылып, оның атын жамылып алды. Содан кейін бәрін білдім.

Бұрынғы пікірім мен қазіргі пікірім кейінгі тірліктеріне қарап, өзгерді. Оны айқайлап айтатын тірлік емес, жұрттың бәрі айтып жатыр ғой. Бір нәрсені ғана түсінбеймін: өз еліңді сонша тонауға бола ма? Миллиардтар, триллиондар...

Қазір қарап отырсам менің миыма кірмейді. Мысалы қазір Қайрат Сатыбалдыны соттап жатыр. Солар миллиардтар әкеліп беріп жатыр. Соны қай қолымен ұрлады, қай қолымен жинады? Соның бәріне жол ашылып берілді ғой. Адам есебінде соны түсінбеймін", - дейді Амалбек Тшанов. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар