Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өткір сауалдардан қорқасыздар ма?» – Құрылтайда журналистердің кулуардағы жұмысына қатысты түсініктеме берілді

15:21, 10 қыркүйек 2026

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева журналистердің кулуарда депутаттарға сұрақ қою мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, журналистердің жұмыс форматына өзгеріс енгізілуі өткір сауалдардан қашуға байланысты емес көрінеді. Бұл мәселе бейсенбі күні Құрылтайда өткен брифинг кезінде көтерілді, деп жазады Alash.KZ.

Журналист Ботагөз Омарова кулуардағы жұмыс тәртібінің өзгеруіне байланысты сауал қойып, тілшілердің депутаттармен еркін сөйлесу мүмкіндігі неліктен шектелгенін сұрады.

Журналист бұл өзгерістің журналистердің өткір сұрақтарына қатысты болуы мүмкін екенін айтып, нақты түсініктеме беруді өтінді.

«Кулуарларға қатысты сұрағым бар. Егер мұны сұрамасам, өзімді сыйламай кететін шығармын. Неліктен кулуардағы жұмыс қысқарды? Сіздер журналистердің өткір сауалдарынан қорқасыздар ма, әлде мұндай сұрақтардың ашық қойылғаны ұнамай ма?» – деді Ботагөз Омарова.

Ол аталған мәселенің тек журналистердің жұмысына ғана емес, Қазақстандағы сөз бостандығына да қатысы бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде Дания Еспаева Құрылтайдың жұмысында ашықтық сақталатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, журналистер үшін отырыстарды бақылап, ақпарат алу мүмкіндігі бұрынғыдай бар. Алайда пленарлық отырыстар кезінде тілшілердің жұмысын ұйымдастыруға қатысты белгілі бір тәртіп енгізілген.

«Құрылтай қандай деңгейде ашық болса, сол қалпында ашық болып қала береді. Қазір сіздер баяндамаларымызды баспасөз орталығы арқылы тыңдап, жұмыс істеп жүрсіздер. Меніңше, бұл ең алдымен журналистерге қолайлы жағдай қалыптастыру үшін жасалды», – деді Еспаева.

Құрылтай төрағасының орынбасарының айтуынша, мұндай тәсілдің тағы бір себебі – депутаттардың негізгі жұмысына назар аудару.

«Құрылтай – жоғары заң шығарушы орган екенін түсінуіміз керек. Журналистер пленарлық отырыс кезінде келгенде, бірінші кезекте сол жиында қаралатын заң жобаларына көңіл бөлінуі тиіс», – деді ол.

Еспаева журналистердің Құрылтайға келген күнгі басты материалдары сол отырыста талқыланатын заң жобаларына арналуы керек деген пікір білдірді.

Оның пайымынша, бұл ақпараттың қоғамға толық әрі дұрыс жеткізілуі үшін маңызды.

«Неліктен бұлай деп санаймыз? Өйткені Қазақстан азаматтары Құрылтайда қабылданып жатқан заңдар туралы барынша толық ақпарат алуы қажет», – деді Дания Еспаева.

Айта кетейік, қазір Құрылтайдың екінші отырысында оның жұмыс тәртібін айқындайтын жаңа Регламент қаралып жатыр. Құжат жаңа Конституцияның және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес әзірленген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар