Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Шишли ауданында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың трагедиялық жағдайда қаза табуына байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz DHA ақпаратына сүйеніп.
Оқиға орын алған күні полиция прокуратураның шешімімен екі адамды, атап айтқанда марқұмның ресейлік бөлмелесі 22 жастағы Дарья Б. мен оның сүйіктісі 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т.-ны тұтқындады.
Қайғылы жағдай Эргенекон махалласында таңғы сағат 09:15 шамасында орын алған. Іс материалдарына сүйенсек, Айсұлу өзі тұратын ғимараттың 6-қабатындағы балконынан көрші үйдің шатырына өтіп, оның ортаңғы бөлігіне қарай жылжыған. Сол сәтте ол басқан шатыр панелі ойылып кетіп, бойжеткен ғимараттар арасындағы бос кеңістікке, яғни минус 2-қабат деңгейіне құлап түскен. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері оның тіл тартпай кеткенін анықтады. Республикалық прокурор мен оқиға орнын зерттеу тобының тексерісінен кейін мәйіт Сот-медициналық сараптама институтының мәйітханасына жеткізілді.

Сондай-ақ тергеу барысында бойжеткеннің қаза табар алдында шатырда отырған соңғы фотосы табылды. Оны түсірген бөлмелесі Дарья Б.-ның айтуынша, ол таңғы сағат 08:15-те Айсұлудың шатырдың шетінде отырғанын байқап, қауіпті жерден кетуді ескерткен. Алайда марқұм оның сөзіне құлақ аспай, тура мынадай сөздерді айтқан:
«Мен осы жерде отырамын, сен ұйықтай бер».
Осыдан соң Дарья оның фотосын түсіріп алып, бөлмесіне қайта оралғанын жеткізді. Ол өзінің кейіннен қатты шыққан музыка дауысынан оянғанын, бөлмеге қарағанда құрбысын таппай, іргелес ғимарат шатырының сынғанын байқағанын айтты. Төменге қарағанда құрбысының қозғалыссыз жатқанын көрген.
Бұған дейінгі оқиғалардың хронологиясына тоқталсақ, екі бойжеткен Түркияға 8 қыркүйекте келген. Қайғылы оқиғадан бұрынғы кеште, сағат 20:00 шамасында олар бірге серуендеуге шыққан. Кейін таңғы сағат 05:00-де Айсұлу бөлмелесінен бөлініп, сүйіктісі Мазхар Т.-ның жанына барған. Дүкен иесі Айсұлудың сағат 05:30-да өзіне келіп, 07:40-та үйіне қайту үшін шығып кеткенін растады. Сонымен қатар ол бойжеткеннің түнгі клубта жұмыс істейтінінен хабардар болғанын білдірді.

Қазіргі таңда полиция осы қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді дауам етіп жатыр.