Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Олар Назарбаевтар әулетінің қоластында жүріп бір принциппен өмір сүріп үйреніп қалған - Әкежан Қажыгелдин

12:51, 03 мамыр 2024 829

Белгілі саясаткер Әкежан Қажыгелдин Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың Қазақстандағы мемлекеттік органдарындағы ықпалы, Самат Әбіш ісі мен елдегі жүйе туралы айтты, - деп хабарлайды alash.kz.

Қажыгелдиннің сөзінше, Тимур Құлыбаевтың мемлекеттік органдардың шешімдеріне әсері прокуратураның, заңдардың, Мәжілістің, Үкімет пен Президент Әкімшілігінің ықпалынан күштірек.

«Бұл Тимур Құлыбаевқа не үшін керек? Оның шетелде Халық банкінен пайда түрінде алған дивидентінен әлдеқайда көп қаржысы бар. Бірақ бұл оның шетелдегі байлық көздерінің заңдылығын көрсете алатын жалғыз ресурсы. Ол өзінің оффшорлық компанияларын Vitol-мен бірге байыту көзі ретінде пайдалана алмайды. Өйткені ондағы операциялардың барлығы заңсыз. Бұл ұлттық мүдде тұрғысынан. Ал шетелдегі коммерциялық операциялар тұрғысынан олар қалыпты болып көрінуі мүмкін. Бірақ бенефициардың кім екенін қарасаңыз, онда біз барлық заңдарымызды қайта қарауымыз керек.

Ал заңдар қалай өзгеріп отырды? Прокуратура қылмыстық процесті ашу үшін екі компания арасында аудит жүргізе бастайды. Осы аудитты пайдаланып, ол жерде болмашы заңбұзушылықтар болғанын айтады. Осылайша екі тараптағы қылмыстық процесс тоқтатылып,  аздаған айыппұл төлеп, істі жаба салады. Ал екінші компанияның артында үшінші компания тұрады. Ол компания сол транзакциялардан нағыз табыс тауып отырады. Сол компанияның бенефициарларының ішінде бұрынғы премьер, бұрынғы вице-премьер, бұрынғы министр, бұрынғы прокурор және Назарбаев әулетінің адамдары жүреді. Қайрат Шәріпбаев Дариғаға кеше ғана үйленіп, бүгін миллиардер, супермиллиардер болып шыға келді. Мұндай нәрсені бәрі жасап отыр: бұрынғы әйелі, отбасы, балалары, жүргізушісі, Нұрәли, немерелері, жалпы Назарбаевтың өсіп келе жатқан ұрпағы істеп отырған нәрсе», - дейді dalanews.kz Әкежан Қажыгелдиннің Elmedia-ға берген сұхбатынна сілтеме жасап.

Айта кетейік, шетелдік журналистердің зерттеулеріне сәйкес, швейцариялық Vitol мұнай компаниясы Құлыбаевпен серіктес болып, іс жүзінде қазақстандық мұнайдың ірі экспорттаушысы болды.

Жарияланған шетелдік материалдарда 2014 жылы Vitol экспортқа арналған барлық қазақстандық мұнайдың төрттен бір бөлігін сатқаны, содан кейін еліміздің ірі мұнай кен орындарына қол жеткізгені жазылған.

Тергеушілердің сөзінше, бұл компанияның қазақстандық басқарушы элиталарға жақын адамдарға тиесілі болуымен байланысты. Журналистердің пікірінше, бұл Vitol-ға миллиардтаған долларлық келісімшарттар жасауға мүмкіндік берді, ал одан Тимур Құлыбаев пайда көріп отырған.

Сонымен қатар, Әкежан Қажыгелдин Самат Әбіш ісіне қатысты ойын айтты.

«Самат Әбішке қатысты істе қандай мемлекеттік құпия болуы мүмкін? Шпионажбен байланысты іс болып, ол жерде агенттердің аты аталса түсінер едім. Отанына опасыздық жасаған Әбіштің ісінде қандай мемлекеттік құпия болуы мүмкін? Ол жерде ешқандай құпия жоқ. Олар осылайша көзге анық көрініп тұрған нәрсені жасырып қалмақ», - дейді Қажыгелдин.

Одан бөлек, Әкежан Қажыгелдин Президент Тоқаев бұл жағдайдың бәрін қалай өзгерте алатынын айтты.

«Жағдайды кризиске әкелгендерге реформа жүргізуді сеніп тапсыруға болмайды. Премьер-министр Смайылов отставкаға кеткенімен, оның кезіндегі министрлер кабинетін отырған адамдардың 70 пайызы қалды. Осыдан кейін бір  нәрсе өзгереді деп ойлайсыздар ма? Өзгермейді. Олар Назарбаевтар әулетінің қоластында жүріп бір принциппен өмір сүріп үйреніп қалған. Министрлер де, олардың орынбасарлары да өздеріне жауапкершілік алудан қорқады», - дейді Қажыгелдин.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар