«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов ұсталды. Бұл туралы Alash.KZ ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік дерегінше, Есполовты ҰҚК Антикор қызметі екі күн бұрын Астанада ұстаған. Қазіргі уақытта ол уақытша қамау изоляторында екені айтылады. Тергеудің қандай бап бойынша жүріп жатқаны әзірге нақтыланбаған.
Дереккөздің нақтылауынша, Айдос Есполов «Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы 2,2 млрд теңгені жымқыру және пара алу ісі бойынша күдікті ретінде өтіп жатыр.
Айдос Есполов кім, Назарбаевтармен қандай туысқандығы бар?
Айдос Есполов — елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелі болған Әсел Құрманбаеваның туған ағасы. Ulysmedia.kz жазғандай, осы себепті оның аты-жөні бұрын да мемлекеттік жобалар мен жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты материалдарда аталған.
Бұған дейін «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы басшылығының бұрынғы мүшелері оның ықпалы туралы бірнеше рет айтқан болатын.
Атап айтқанда, компанияның экс-төрағасы Талғат Ермегияевтің бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia-ға берген сұхбатында былай деген:
-
ЭКСПО нысандарын салу кезінде мердігер компанияларды таңдауға Айдос Есполов араласқан;
-
Қылмыстық іс аясында экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың рөлі болғанын;
-
Сонымен бірге бұл жобада Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мүдделері де қозғалғанын атап өткен.
Бұл мәлімдемелер қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Айдос Есполовтың ұсталуын кей сарапшылар дәл осы бұрынғы даулармен байланыстырып отыр.
Ресми органдар не дейді?
ҰҚК де, Антикор да әзірге оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме берген жоқ. Тергеу мүддесіне байланысты ақпарат шектеулі күйінде қалып отыр.