Қаржылық мониторинг агенттігі ірі көлемдегі мүлікті жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Politico.kz мәліметінше, «Qarmet» компаниясының құқықтық мирасқоры саналатын «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамынан қомақты қаржы жымқырды деген күдікпен «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Сергей Ким ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2015 жылы металлургиялық комбинат пен аталған серіктестік арасында келісімшарт жасалған. Алайда күдікті өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдаланып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жүйелі түрде шығарып отырған деген болжам бар.
Бұл схемаға «Күзет» деп аталатын күзет ұйымының қызметкерлері тартылып, жүк көліктерінің бақылаусыз өтуіне жағдай жасалғаны анықталған.
Ұрланған мүлікті заңдастыру үшін кәсіпкер өз бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» және «ЦентрОптСнаб» компанияларын пайдаланған. Тергеу нұсқасына сәйкес, осылайша жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тонна өнім жымқырылған. Қазіргі уақытта Сергей Ким екі ай мерзімге қамауға алынды.
Тергеу материалдарында Сергей Кимнің ықпалды әулеттермен іскерлік байланыстары да көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, «АлбаСтройДор» компаниясының құрылтай құжаттарында ұзақ уақыт бойы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесінің інісі Мырзахан Мәсімов Қасымұлының аты тіркелген. Тергеу болжамына сәйкес, бұл байланыс күдіктінің металлургиялық комбинат ресурстарына кең қолжетімділік алуына ықпал еткен болуы мүмкін.
Сонымен қатар Сергей Кимнің Назарбаевтар әулетімен де іскерлік қарым-қатынаста болғаны айтылады. 2015–2017 жылдары ол Алматыдағы «Кенжехан» базарына иелік еткен тұңғыш президенттің қарындасы Әнипа Назарбаеваның жақындарымен серіктес болған. Металл қалдықтарымен айналысатын «Grand Smithy Works Kazakhstan» компаниясының құрылтайшылары қатарында Сергей Ким мен Әнипа Назарбаеваның қызы Эльмира Жылқыбаева көрсетілген.
Мәліметтерге сәйкес, 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін бірқатар активтер қайта рәсімделген. Бұрын Әнипа Назарбаеваға тиесілі болған «Кенжехан» базары «Митра» серіктестігіне ауыстырылып, кейін Сергей Кимнің екінші әйелі Татьяна Манушинаның, одан соң оның анасы Александра Манушинаның атына тіркелген.
Айта кетейік, 2024 жылы Сергей Кимнің 11 жалған компанияға қатысы бар екені жөнінде де ақпарат тараған болатын.
Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.