Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы бірінші орынбасары, Өскемен қаласының экс-әкімі Жақсылық Омардың қызы Малика әкесінің туған күніне орай әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба жариялады, деп жазады Alash.KZ.
Малика жазбасында әкесінің бала кезінен өзіне көрсеткен қамқорлығы мен өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал еткенін еске алған.
Ол әкесінің өзін алғаш рет велосипед тебуге үйреткенін айтып, сол сәтті ерекше естелік ретінде бөліскен.
«Шын мәнінде, сол кезде маған велосипед тебуді ғана үйретіп жатқан жоқ едіңіз. Сіз маған бір күні балапан ұясынан ұшатынын, әркез өзіңе сену керектігін, сүрінсең қайта тұру керек екенін үйретіп жатқаныңызды мен ол сәтте түсінген жоқпын», – деп жазды ол.
Маликаның айтуынша, әкесінің бала күнгі армандары мен өмірге деген көзқарасы оның мамандық таңдауына да әсер еткен. Ол мектепті аяқтаған соң журналистиканы таңдағанын, мұны әкесінің кезінде «журналист болсам» деген бала арманының жалғасы деп қабылдайтынын жеткізді.
«Есті әңгімелеріңіз, адамдарға құрметіңіз, қоғам өміріне қызығушылығыңыз, сұрақ қоюға құштарлығыңыз – менің дүниеге деген көзқарасымды қалыптастырды», – деп жазды Жақсылық Омардың қызы.
Малика жазбасында әкесін көпшілікке белгілі мемлекеттік қызметкер ретінде емес, өзінің өміріндегі жақын адам ретінде сипаттаған. Ол әкесінің баласының сансыз сұрағына жалықпай жауап бергенін, жұмысы көп болса да отбасына уақыт табуға тырысқанын және қызының өз күшіне сенуіне әрдайым қолдау көрсеткенін атап өтті.
«Мені құлап қалмасын деп велосипедтің артынан жүгірген Әкені. Сансыз сұрақтарыма жалықпай жауап беретін Әкені. Сансыз жиналыстардың арасында мен үшін әркез уақыт табатын Әкені. Менің қолымнан бәрі келетініне күмәнсіз сенетін Әкені. Менің арманымды менен бұрын көрген Әкені», – деп жазды ол.
Малика әкесіне деген сезімін қорытындылай келе, уақыт пен арақашықтық оның жүрегіндегі әкесінің орнын өзгерте алмайтынын айтқан.
«Қанша есейсем де, әлемнің қай жерінде болмасам да мен сіздің қызыңыз болып қала беремін. Мен – сенің арманыңның жалғасымын», – деді ол.
Жақсылық Омар кім?
Жақсылық Мұқашұлы Омар 1980 жылғы 28 қыркүйекте Үшарал қаласында дүниеге келген. Ол 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Кейін жергілікті және мемлекеттік басқару бағыты бойынша білім алған, сондай-ақ экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленген.
Омар еңбек жолын 2001 жылы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бастаған. Кейін Қаржы министрлігінде қызмет атқарып, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары болған. Сондай-ақ «Арна медиа» ұлттық ақпараттық холдингінде бас менеджер қызметін атқарған.
2009 жылдан бастап оның еңбек жолы Шығыс Қазақстан облысымен байланысты болды. Ол облыс әкімінің көмекшісі, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары әрі басшысы, мәдениет басқармасының жетекшісі қызметтерін атқарды.
2013–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ал 2016–2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары болды.
2018 жылғы тамызда Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті алты жылдан астам уақыт атқарып, 2024 жылдың қарашасында өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін қызметінен кетті.
Кейін ол Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болды. Ал 2025 жылғы 7 сәуірде облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол кезде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Омардың мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесін атап өткен.
Сот ісі
2026 жылдың ақпанында Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
2026 жылғы 3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды ірі мөлшердегі алаяқтық және ірі мөлшерде пара алу бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар оның Toyota Camry көлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Омар бірінші инстанция сотының үкіміне апелляциялық шағым берген. 20 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляцияны қарап, бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша алты жылдық жаза күшінде қалды.
Жақсылық Омардың қызы Маликаның туған күнге арналған жазбасы оның мемлекеттік қызметтегі өмірінен бөлек, әкелік қырын да көрсетті. Жазбада ол әкесінің кәсіби жолынан гөрі, балалық шағында берген тәрбиесін, қолдауын және өз арманына деген сенімін ерекше атап өткен.
