Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мектепте тамақ тегін. Жеке мектепте тамақ жоқ. Неге

05:47, 15 қыркүйек 2023 359


"ҮШЕУІ ҮНЕМДЕП, КҮНІНЕ МЫҢ ТЕҢГЕНІ ТАМАҚҚА ЖҰМСАП ЖҮРДІ"


Шымкент қаласының тұрғыны 40 жастағы Сәуленің бес баласы бар. Жалғызбасты ана қаладағы базарлардың бірінде киім-кешек сатады. Айлық жалақысы – 200 мың теңге. Балаларына берілетін 55 мың теңге жәрдемақы мен өз табысын қосып, тапқан-таянғанын тұрмысқа үнемдеп жеткізеді. Ол мектепте күнделікті балаларға берілетін тегін ыстық тамақ пен оқу жылының басында берілетін бір реттік әлеуметтік көмекке зәру.

– Біздің үй мемлекеттік мектептен үш аялдама қашықта орналасқан. Балаларым қоғамдық көлікпен қатынап оқып жүрген. Былтыр үй маңынан жекеменшік мектеп ашылды. Мемлекет есебінен тегін оқытады деген соң балаларымды сол жерге оқуға бердім. Бірақ кей әлеуметтік көмектен қағылдым, – дейді ол.



Мектеп асханасында тамақ ішіп отырған оқушы.


Мектеп асханасында тамақ ішіп отырған оқушы.


Сәуленің айтуынша, мектеп әкімшілігі 2024 жылдан бастап бастауыш сынып оқушыларына да ыстық тамақ берілмейтінін хабарлаған. Былтыр жоғарғы сыныпта оқитын үш баласының тамағын әрең тауып берген әйел балаларын мемлекеттік мектепке көшіруді жоспарлап отыр.

– Мемлекеттік мектепте оқып жүргенде бес балама да тегін тамақ берілетін. Жекеменшік мектепке өткенде жоғарғы сыныпта оқитын үш балама тамақ берілмеді. Жыл бойы үшеуі үнемдеп күніне мың теңгені тамаққа жұмсап жүрді. Тамаққа ақша бермейін десең тағы болмайды. Әр баламның күнде кемі бес сағат уақыты мектепте өтеді. Бір мезгіл тамақ ішпесе зорығады. Барлық балама тамақ сатып алып беруге жағдайым келмейді, – дейді ол.

"БҰЛ – ТЕҢСІЗДІК"


Шымкенттегі жекеменшік мектеп құрылтайшысы Ербол Сұлтанбек (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді – ред.) жекеменшік мектеп оқушыларына мемлекеттік мектептердегідей ыстық тамақ пен әлеуметтік көмек берілмесе, олардың 70 пайызын ата-анасы мемлекеттік мектептерге қайта орналастыруы ықтимал дейді. Себебі қалада көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы көп.

Мысалы, Сұлтанбек құрылтайшы болған мектепте 600 оқушы бар. Олардың ішінде бастауыш және жоғарғы сыныпта оқитын 410 бала тегін тамақ ішуге құқылы. 200 баланың ата-анасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген. Мемлекеттік мектепте оқыса мектеп формасы мен оқу құралдарын алу үшін әрбіріне бюджеттен 40 500 теңге бөлінеді. Жекеменшік мектепте оқығаны үшін бұл көмек берілмеген. Кәсіпкер оқушыларды мектебінде қалдыру үшін бұл көмекті өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.

– Жекеменшік мектеп болғанымен, мемлекет есебінен тегін білім беріледі. Бірақ мемлекеттік мектептердегідей әлеуметтік көмек қарастырылмайды. Мысалы, жоғарғы сыныпта оқитын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ беру бізде жоқ. Бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ жергілікті бюджет есебінен беріліп келді. Қалалық білім басқармасы 2024 жылдан бастап тегін ыстық тамақ беру тоқтатылады деді. Мұны естіген ата-аналар балаларын мемлекеттік мектепке беруге көшті, – дейді Сұлтанбек.

Жекеменшік "Жалын" мектебінің заңгері Арман Игілікұлы мемлекеттік мектеп оқушыларына жергілікті бюджеттен ыстық тамақ үшін ақша бөліп, мемлекеттік емес, бірақ мемлекет есебінен тегін білім берілетін жекеменшік мектеп оқушыларына ақша бөлмеу оқушыларды алалаумен тең деп санайды. Оның пайымдауынша, бұл – теңсіздік.

– Жекеменшік мектепті қаржыландырудың тәртібі бар. Қаржы орталығы бір оқушыны мемлекеттің қаржыландыруының нормативті есебін белгілеген. Айына бастауыш сынып оқушысына – 82 мың теңге, жоғарғы сынып оқушысына – 113 мың теңге бөлінеді. Оның ішіне оқушыны ыстық тамақпен қамту, оқулықтар сатып алу, әлеуметтік көмек беру кірмейді. Егер құрылтайшы бұл шығынның бәрін қалтасынан төлесе минусқа кетеді. Минусқа кететін бизнес тоқтайды, – дейді заңгер.

Заңгер жекеменшік мектепте мемлекет есебінен оқып жатқан оқушылардың әлеуметтік жағдайына мән берілмей, олардың толық білім алуын шектеп отыр деп санайды.

"БҰЛ – ҚАЛАДАҒЫ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ МЕКТЕПТІҢ МӘСЕЛЕСІ"


"Білім" жекеменшік мектептер қауымдастығының төрайымы және "Жас дарын" мектебінің директоры Айман Бердімбетова тегін ыстық тамақпен қамту сияқты әлеуметтік көмектерден қағылса жекеменшік мектептерде тегін білім алатын оқушылардың басым бөлігі бір күнде мемлекеттік мектептерге қайта кетеді деп қауіптенеді. Бұл қалада үш ауысымды мектептердің жаппай көбеюіне, бар қаржысына жекеменшік мектеп ашқан кәсіпкерлердің шығынға батуына алып келеді.

– Жекеменшік мектептерде тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу құралдарын алу үшін берілетін бір реттік көмектен бөлек оқулықпен қамту мәселесі тұр. Кәсіпкерлер оқулықты да өзі сатып алуға мәжбүр, – дейді Бердімбетова.



Мектеп асханасындағы оқушылар. Азаттық архивіндегі сурет.


Мектеп асханасындағы оқушылар. Азаттық архивіндегі сурет.


Бердімбетованың сөзінше, бұл – қаладағы бір мектептің емес, жүзге жуық мектептің мәселесі. Жекеменшік мектептерге қойылған талаптар мен ережелер қайта қаралуы керек. "Білім туралы" заң мен кейбір қаулыларға өзгеріс енгізген абзал. Мысалы, 2008 жылғы 25 қаңтардағы үкіметтің №64 қаулысына сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға және жетім балаларға қаржылай және материалдық көмек көрсету қарастырылған. Бірақ бұл тек мемлекеттік мектептерде оқитын оқушыларға беріледі.

– 2008 жылы қалада бала саны аз болатын. Қалада жекеменшік мектептер саусақпен санарлық еді. Бала саны артып, үш ауысымды мектептер көбейген кезде мемлекеттің өзі кәсіпкерлерге ұсыныспен шығып, жекеменшік мектептер салуға шақырды. Жекеменшік мектептер жаппай ашылып, мемлекеттік білімді тегін бере бастады. Мұндайда бұйрықтағы "мемлекеттік білім беру ұйымдарына" деген сөзді "меншік түріне қарамай білім беру ұйымдарына" деп өзгерткен жөн, – дейді ол.

БАСҚАРМА – МИНИСТРЛІКТЕН, МИНИСТРЛІК ПАРЛАМЕНТТЕН ҮМІТ КҮТЕДІ


Жекеменшік мектептерді алаңдатқан мәселелерден Шымкент қалалық білім беру басқармасы да хабардар. Басқарма басшысы Жанат Тәжиеваның сөзінше, Шымкентте жалпы орта білім беретін мектеп саны – 246. Оның ішінде 95-і – жекеменшік мектеп. Онда 35 мыңнан аса бала білім алады. Бастауыш сыныпта оқитын бала саны – 18 700.



Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева. Шымкент, 24 тамыз, 2023 жыл.


Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева. Шымкент, 24 тамыз, 2023 жыл.


– Шымкентте ішкі миграцияның артуы мен бала санының өсуіне байланысты жылына оқушы саны 12-13 мыңға артып тұр. Соны ескеріп мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру есебінен жекеменшік мектептер салынды, – дейді басқарма басшысы.

Тәжиева жекеменшік мектептер қаладағы мектеп тапшылығын жойғанын жоққа шығармайды. Мысалы, 2020 жылы Шымкентте 49 мектепте бала саны шамадан тыс көп болса, қазір олардың саны 12-ге түскен. Үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілген. Бір ауысымды мектеп мүлдем болмаған болса, қазір олардың саны 88-ге жеткен.

Басқарма басшысы жекеменшік мектептердегі балаларға әлеуметтік көмек беру мәселесін шешу құзырына жатпайтынын, оқу-ағарту министрлігіне "Білім туралы" заңның 6-бабы мен үкіметтің №64 қаулысына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс берілгенін айтты.

Басқарманың мәліметінше, Шымкент қаласында жалпы орта білім беретін мектептерде оқитын бала саны – 233 мыңға жуықтаған. Жаңа оқу жылында қанша бала ыстық тамақпен қамтылатыны белгісіз.

Оқу-ағарту министрлігі "Білім туралы" заңның 6-бабы мен үкіметтің №64 қаулысына өзгеріс енгізу керек деп есептейді. Министрліктің Азаттыққа хабарлауынша, меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына көмек көрсетуге қаражат бөлу үшін "Білім туралы" заңға өзгерістер енгізу жұмысы басталған. Бұл жекеменшік мектептерге де көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Заң өзгерсе, үкіметтің №64 қаулысы да өзгереді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 7 828 мектептің 675-і – жекеменшік мектеп. Ондағы оқушы саны екі жүз мыңға жуықтаса, олардың тең жартысы 1-4 сыныпта оқиды. Мектепте тамақтандыруды жергілікті әкімдік ұйымдастырады. Бір реттік мектеп тамағының орташа құны республика бойынша – 580 теңге. Ас мәзірін білім беру органы бекітеді.

Жекеменшік мектепті қаржыландыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүреді. Төлем орындалған жұмыс актілері негізінде жасалады. Әр балаға бір жылға қалада – 594 699 теңге, ауылда – 787 440 теңге бөлінеді деп бекітілген.

2022-2023 оқу жылында Қазақстанның алты облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласында 1-4 сыныптың 800 мың оқушысы тегін тамақпен қамтылған. Биыл оған тағы 11 аймақ қосылған. Сөйтіп тегін ыстық тамақ ішетін оқушы саны 1,6 млн балаға жеткен.

Қазақстанда 3,9 млн оқушы бар.


Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар