Павлодарда 52 жастағы кәсіпкер Асулан Нұрмағанбетовтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
21 ақпанда жоғалып кеткен кәсіпкер Асулан Нұрмағанбетовтің денесі Павлодар қаласында табылды. Ол жеке көлігімен іс-сапарға шығып, бірақ үйіне қайта оралмаған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша “Адам өлтіру” бабымен қылмыстық іс қозғалған.
“Іздеу шаралары барысында полиция қызметкерлері бұрын із-түзсіз жоғалған қала тұрғынының мәйітін тапты. Қылмыстық іс қозғалды. Қылмысқа қатысы бар тұлғаны анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады”, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Кәсіпкерді іздеу екі тәуліктен астам уақытқа созылды. “VITA” еріктілер тобының ақпаратына сәйкес, Асулан Нұрмағанбетов 21 ақпанда “Тойота Камри 50” маркалы көлігімен кездесуге кеткен.
“Оның жеке кәсібі болған. Кейбір деректерге сүйенсек, ол сол күні серіктесімен кездесуі керек еді. Бірақ кездесу өтті ме, жоқ па – бұл әлі белгісіз”, – дейді еріктілер.
Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, Ұлттық гвардия сарбаздары, еріктілер және қала тұрғындары атсалысты. Сондай-ақ, дрондар мен қызметтік-іздестіру иттері жұмылдырылды. Дачалар, гараждар, өндірістік аймақтар және әуежай маңындағы аумақтар тексерілді. Алайда, өкінішке қарай, кәсіпкер өлі күйінде табылды.