Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Маңызды қадам! Жаңа заң осыны өзгертті»: Асхат Аймағамбетов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

21:24, 05 қазан 2026

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Alash.kz.

Асхат Аймағамбетов педагогтердің құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды өзгерістерге тоқталып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді атап өтті.

«Демалыс күні балаға қатысты бір оқиға болса, сол уақытта өз отбасымен үйінде отырған мұғалімнен түсініктеме талап етілді. Жылдар бойы бұл қалыпты жағдай саналып келді. Маусымда қабылданған жаңа заң осыны өзгертті.

Қымбатты әріптестер, Мұғалімдер күні құтты болсын!

Былтыр Мұғалімдер күні қарсаңында педагогтердің құқықтарын қорғауға арналған түзетулерді Үкіметке жолдаған едік. Биыл маусымда олардың бір бөлігі заң болып қабылданды.

Енді педагогтің жауапкершілігі оның кәсіби міндеттерін орындау кезеңімен байланысты. Бір құжатты бір мезгілде қағаз және электрондық түрде жүргізуді талап етуге тыйым салынды. Бұл талапты бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Өзіне тән емес жұмысқа тартуға тыйым салу балабақша тәрбиешілері мен колледж педагогтеріне де қолданылады. 

Ендігі міндет - осы нормалардың әр білім беру ұйымында орындалуын қамтамасыз ету. Құрылтайда осы бағытта жұмыс істейміз.

Өйткені мұғалімнің негізгі жұмысы басқа. PISA зерттеуінде қазақстандық оқушылардың жауаптары арасында ерекше назар аударатын бір көрсеткіш бар: «Мұғалім біз түсінгенше түсіндіреді». Балаларымыздың 86 пайызы осылай жауап берген. Меніңше, бұл - ұстаз еңбегіне берілген ең жақсы баға.

Мұның артында педагогтеріміздің күнделікті еңбегі тұр. Қайта түсіндіру. Басқа мысал табу. Баланы қолдау. Өзіне сенбей тұрған кезде қолынан келетініне сендіру. Мұғалімнің уақыты мен күш-жігері дәл осыған жұмсалуы керек.

Мамандыққа деген көзқарас та өзгеріп келеді. ҰБТ нәтижелері бойынша сұранысқа ие бес мамандықтың қатарына педагогикалық мамандықтар да кіреді. TALIS халықаралық зерттеуінің дерегіне сүйенсек, қазақстандық мұғалімдердің 82 пайызы қоғам олардың еңбегін бағалайды деп санайды. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 22 пайызды құрайды.

Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүйелі саясатының тікелей нәтижесі. «Педагог мәртебесі туралы» заң, жалақының өсуі, мұғалімді өзіне тән емес жұмыстан қорғау - осы өзгерістерге негіз болған маңызды қадамдар.

Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Артық жүктеме, кәсіби даму, жас мамандарды қолдау. Жас педагогті мектепке тартумен шектелмей, әрі қарай қолдау маңызды. Кешкі уақытта және демалыс күндері ата-аналармен мессенджерлерде хат алмасу, әлеуметтік желілерге рилс пен пост жариялауды талап ету де - бөлек мәселе.

Сондықтан «Әділет» партиясының фракциясындағы әріптестерімізбен бірге заң жобасын әзірледік. Онда педагогтерді мазалайтын осы және басқа да проблемаларды шешу көзделген. 

Сабақ беруді жалғастырып жүргендіктен, білім алушылардың, технологиялардың және мамандыққа қойылатын талаптардың қалай өзгеріп жатқанын көріп жүрмін. Бүгінде жасанды интеллект сыныпқа да келді. Ол күнделікті жұмыстың бір бөлігін жеңілдете алады: тапсырма дайындауға, оқушының деңгейіне сай материал таңдауға, жұмыстарды тексеруге кететін уақытты үнемдеуге көмектеседі. Бірақ ешбір технология баланы қолдайтын мұғалімнің орнын баса алмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында жасанды интеллект білім алуға көмектесуі керек екенін, ойлануды тоқтатудың құралына айналмауға тиіс екенін айтты. Ол үшін мұғалімге түсінікті ережелер және жаңа құралдармен жұмыс істеуді үйренуге мүмкіндік қажет.

Ал балаға көңіл бөлу, шыдамдылық таныту, түсінбегенін түсінуіне көмектесу әрқашан маңызды болып қала береді.

Ұстазға басшылықтың, ата-аналардың, қоғам мен мемлекеттің сенімі және қолдауы қажет.

Күн сайын сыныпқа, аудиторияға, балабақша тобына кіріп, балалардың алға ұмтылуына көмектесіп жүрген барша педагогке рақмет. 

Бірнеше буын әріптестеріміз тәлім алған, тәжірибесінен әлі де үйреніп жүрген ардагер ұстаздарға ерекше алғыс айтамын.

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Шәкірттеріңіздің жетістігі мен алғысына бөленіп жүріңіздер. Өздеріңізге де, отбасыларыңыз бен жақындарыңызға да уақыт пен күш-жігер қалсын.

Мерекелеріңіз құтты болсын, қымбатты әріптестер!», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар