Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Маңғыстау облысы әкімі жаңаөзендіктердің мұнай-газ саласынан жұмыс талап етуін "әділетсіз" деп санайды

14:06, 30 маусым 2022 218
[ad_1]



Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев аймақта жұмыссыздардың мұнай-газ саласынан жұмыс талап етуін "әділетсіз" деп, "бұл талаппен келісе алмаймыз" деді.


- Мұнай газ саласындағы босаған жұмыс орындарына жаңа жұмысшылар алу туралы мәселе бойынша қазір 882 адам жұмысқа қабылданды. Жылдың аяғына дейін 1600 жұмысшы қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бүкіл жұмыссыздарды тек мұнай-газ саласына кіргізу мүмкін емес. Және бізді қабылда деп отырған азаматтардың көбінің білімі, біліктілігі жоқ, - дейді әкім.


Маңғыстау облысында, соның ішінде Жаңаөзен қаласында жастар әкімдіктен мұнай мен газ саласынан жұмыс талап етіп жүр. Олар Жаңаөзен әкімдігі алдына да бірнеше рет барған. Кейін Нұр-Сұлтанға келіп те еңбек министрлігі алдында түнеген. Биліктен жұмыс талап етіп жүргендер басқа саладағы жұмыстардың айлығы өмір сүруге жетпейтінін айтады.


Ноғаев астанадағы брифингте облыста жұмыс жоқ дегенмен келіспейтінін, Маңғыстау облысына басқа аймақтар мен елдерден келетін еңбек мигранттары жұмыс істеп кететінін алға тартады.


- Былтыр Маңғыстауда 62 мың еңбек мигранты ауыл шаруашылығы, тау кен өндіру, карьерлер, құрылыс саласында жұмыс істеді. Олар өзара бірігіп ақша табады. Олар өз елдерінен алыста, жұмыс беруші ұсынған жағдайда тұрады, жұмыстарын жақсы орындайды. Мен мұны жұмыс орны жоқ дегенге қаратып айтып жатырмын, - деді әкім.


Маңғыстау облысы әкімі мұнай-газ өндіретін өндіріс орындарының бәрін Жаңаөзеннен ашу тиімсіз деп санайды.


Ноғаев астанада аймақтағы атқарылған істер бойынша есеп беріп жатқан тұста, 30 маусымда, Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай кентінде жолды жапқан тұрғындармен аудан әкімі мен "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кәсіподақ өкілдері кездесті. Бірақ нақты шешім шыққан жоқ.


28 маусым кеште жетібайлық жұмыссыздар Атырау-Түркіменстан магистралін жауып тастаған. Іске полиция араласып, жұмыссыздар билікпен келіссөзге келіп тарқасқан.


Жетібайлық Қанат Қойшыбаевтың айтуынша, наразылыққа "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы жуырда бөлген 102 жұмыс орнының 62 орнын екі ауданға бөлгені себеп болған. Жетібайлықтар жұмыс орнының көбін Жетібай ауылы кіретін Қарақия ауданына беруді талап етеді.


- Ауылда экологиялық жағдай өте ауыр. Мүгедек балалар бір үйде екі-үштен бар. Радиацияны жұтып отырмыз. Жетібайға бөлінетін жұмыс орындарының 70 пайызының қалуын талап етеміз, - дейді Қанат Қойшыбаев.


Қойшыбаевтың айтуынша, аудан әкімдігі өкілдерімен ортақ мәмілеге келе алмай тарқасқан. Ол 1 шілдеде "Маңғыстаумұнайгаз" өкілдерімен кездесу болатынын айтты.


Ал Ноғаев астанадағы брифингте "Маңғыстаумұнайгаз" 102 адамды жұмысқа орналастыру туралы ұсыныс жасады. 40 орын жұмыс беруші, әкімдік пен кәсіподақ арасындағы келісімге сай бөлінсе, 62 орын екі ауданға бөлінген. Қарақия ауданы тұрғындарының талабы осы 62 орынды оларға беріп, ешқандай алгоритмсіз бірден сол вакантты орындарға орналасу болды" дейді.


Маңғыстау облысы әкімдігінің есебінше, аймақта 17 мың адам ресми жұмыссыз. Қыс-көктем айларындағы наразылықтан соң облыс әкімдігі құрған комиссия 11 000 адам жұмыссыз екенін айтқан.


  • Жаңаөзен – Қазақстанның жаңа тарихында елді дүр сілкіндірген екі оқиғамен белгілі болған қала. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілі 16 желтоқсанда полицияның бейбіт адамдарға оқ атуымен аяқталды. Ресми дерек бойынша, оқиғадан 17 адам қаза тапқан.

  • Ал биыл қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарады. Бейбіт басталған жаппай наразылықтың аяғы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік мекемелер, сауда орталықтарын мен басқа да нысандар және дүние-мүлік өртеліп-қиратылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялап, "ескертусіз атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза тапқан.





[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар