Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мамания мектебінің шұғыласына шомған төлөнеге. Ұлттық мектеп мәселесіне мән бердік пе?

22:11, 13 маусым 2024 682

Оқу-білімге құштар жандарға хат танытып, жастардың көкірегіне сәуле құйған Маман би ұрпақтарының миссиясы арада сан ғасыр өтсе де, сабақтастығын үзген жоқ. Бұл жолғы ізденісімізге арқау болған қос бағыт  – ұлт жанашыры Аятжан Ахметжанның қайраткерлігі мен Мамановтар миссиясының ортақтығы. Белгілі ұстаз, танымал ұлт жанашыры Аятжан Ахметжанның идеясынан туған бүгінгі «ұлттық мектептер» де Алаш заманындағы Маманияның мақсат-мұратын темірқазық еткені байқалады. Өйткені, ұстаздың өзі негізін қалаған QAZBILIM қызметі де ұлт құндылықтарын дәріптеуге, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, жастарды ұлттық бірегейлікке тәрбиелеуге бағытталған. Бұл мақсатпен арнайы Alash.KZ ұлттық порталына мақала жолдауды жөн көрдік.

Мұндай бастамашылдықтың өзегі Аятжан Ахметжанның қазақы болмысында жатыр. Білім ақтаңгері 1986 жылы ҚХР Шыңжаң–Ұйғыр автономиясында дүниеге келіп, 2006 жылы елге оралған. Өзі білікті маман, қаймағы бұзылмаған қазақы ортада тәрбиеленген азамат, химия ғылымдары бойынша PhD докторанты. Сонымен қатар, жас талапкерлердің санасына сәуле сепкен QAZBILIM қосымша оқыту курстарының және еліміздің 8 қаласында орналасқан мамандандырылған мектеп-лицейлердің негізін қалаушы.

Алаш педагогикасының ізін жалғаған маманның білім саласындағы негізгі бағдары – бала бойындағы ұлттық сананы мектеп табалдырығынан бастап қалыптастыру. Кезінде жапон, фин, америкалықтардың өз дүниетанымына сай құрған мектептері Ахметханның назарын аударып, көп ойландырған екен. Келе-келе ой әрекетке ұласып, ұлттық мектептерді құруға бастамашы болған. Ал, білім ордаларына тән негізгі миссия, жоғарыда айтқанымыздай, Мамания мектебінің өнегесіне тамыр бойлатқан.

Ұлттық білім беру ісінің бағалы 5 бағыты

Алғашында дәстүрлі мектептердің оқыту жүйесіне қосымша ретінде білім курстары болған QAZBILIM қазір негізгі 5 бағыт бойынша білім беретін толыққанды мектептерге айналды.

Алғашқы бағыты – талапкерлерді ҰБТ-ға, НЗМ-ге, БИЛ секілді дарынды балаларға арналған мектептерге және IELTS халықаралық тестілеуге дайындау. Жоғарыда атап өткендей бұл басты бағыттары яғни, қосымша білім беру.

Екінші бағыт – еліміздің Ақтау, Атырау, Қостанай секілді қалаларындағы жекеменшік QAZBILIM мамандандырылған мектептерінде білім беру. Бұл ұлттық мектептердің моделін жасауға арналған бірегей жоба.

Үшінші бағыт – тек ана тілінде жарық көретін оқу-әдістемелік құралдарды басып шығару. QAZBILIM баспасынан бүгінге дейін 120–дан астам балалардың логикасын дамытуға, пәндік олимпиадалар мен тестілеулерге дайындалуға арнап оқулықтар шығарылған. Ата – ана мен педагогтар тарапынан ұсыныс жоғары болған соң, Республикалық деңгейге дейін таратылған оқулықтар да бар.

Төртінші бағыт – әлеуметтік желілер арқылы білім саласындағы жаңалықтармен бөлісу, оқырмандарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу. Алғашында qazbilim сайты ретінде жұмыс бастаса, бүгінде телеграм мен ютуб арналарында ақпараттық-сараптамалық жұмыстармен айналысады.

Бесінші және басты бағыт – білім беру қоры ретінде азаматтық істерге араласу, айналасына көмек көрсету. Арнайы мектептеріне материалдық жағдайы төмен, толық емес отбасылардың балаларын тегін немесе жеңілдіктермен білім алуына жол ашады. Одан бөлек дарынды ұстаздардың шығармашыл ортада өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп, оларды әрқашан ынталандырып отырады. Міне, QAZBILIM компаниясының жақсы нәтижеге жетуіне осы бес бағыт себепші.

Алаш заманындағы Мамания мектебі мен бүгінгі QAZBILIM-дегі ұқсастық

 «Мамания» жай ғана мектеп емес, қазақ жастарының білімге құштарлығын арттырған жеке институт болды. Ондағы білім беру жүйесіндегі функциялары біздің сөзімізді толық айғақтайды. Егер екі заманның үздік оқу орындары ретінде көзге түскен білім ордаларын салыстырсақ, педагогика саласындағы өзара үндестікті байқаймыз. QAZBILIM-нің біз атаған бағыттары бұрындары Маманияда да болған. Мысалы, оқушыларды семинарияға түсер алдында дайындап, ғылымның бастамасы ретінде әр бағыт бойынша қызығушылықтарын жетілдірген. Мектепте тек дарынды, шәкіртке берері мен айтары бар ұстаздарды ғана алған. Олардың қатарында, Петербордағы Императорлық мектепте оқыған Барлыбек Сыртанұлы, Каир университетінің түлегі Ғабдолғазиз Мұсағалиев, «Оқулық», «Ең жаңа әліппе», «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» атты кітаптардың авторы Мұстақым Малдыбайұлы, XX ғасырдың бұлбұлы, Кереку қаласының зиялысы Майра Уәлиқызы секілді оқытушылар жұмысқа шақырту алған. Мамания сол заманда кадр мен мықты менеджмент саясаты арқылы Ыстамбұл, Шам, Мысыр секілді шет елдерден жақсы оқытушылар алдырған жалғыз оқу орны деген ойды да алға тарта аламыз. Қазіргі QAZBILIM осы талапқа сәйкес тек білікті ұстаздарды мектепке жұмысқа алады.

Келесі атап өтерлік тұсы, Мамания мектебі сол заманда тек ана тілімізде яғни, қазақ тілінде білім берген оқу орындарының бірі еді. Басқа мектептерде орыс тілінде сауат ашу негізге алынса, бұл мектепте қазақ тілінде білім беруге басымдық берілді. Бұдан бөлек, мектепке түскен оқушыларға жеңілдіктер де қарастырылды. Алғашында тек Маман бидің ұрпақтары білім алса, кейіннен барлық тап өкілдерінің ұл – қыздары тегін оқи алды. Баршамызға белгілі Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Мейірман Ермектасов секілді тұлғалар осы мектептің түлектері. Аталмыш білім ордасы ұлттық сананы өскелең ұрпаққа сіңдіріп, бір жағынан сауатты ұлт қалыптастыруға ықпал етті.

Алаштықтарға ақуыз білім беріп, қыңыр саясаттың кесірінен өз жұмысын үзуге мәжбүр болған киелі мектептің өнегесі біздің заманда өз жалғасын тапты. Аятжан Ахметжан құрған ұлттық мектептер жүйесінің қызметіне қарап өзара үндестіктен байқаймыз. Аятжан Ахметжан еліміздегі үш тілде оқыту жүйесін сынға алып, қазақ, орыс мектептері болып бөлудің нендей айырмашылығы бар? Сондықтан, Алаштықтар арман етіп кеткен брендтік модельдегі ұлттық мектепті біздің заманда қалыптастыру идеясын негіз етеді.

Тарихи құбылыстар мен ұлт перзенттері туған тілін түбі өз тұғырына қондырады

 QAZBILIM мектептерінің негізін қалаушы азаматтың берген сұхбаттары, жазған жазбаларына зер салсақ, өскелең ұрпақтың тағдырына бей-жай қарамайтынын, халқына шынайы жаны ашитынын  бірден байқауға болады. Қаны қазақ болса да, өз перзенттерін орыс тілінде оқытатын мектептерге апаратындарға көңілі толмайтынын да жасырмайды. Тіпті, бұл мәселе еліміздің солтүстік бөліктерінде өршіп тұрғандықтан да болар, ұлттық мектептерінің бір бөлімшесін теріскейде ашуды жоспарлапты. Себебі, болашақта қазақ тілін білмегені үшін қызмет ала алмайтын күн келеріне сенім мол. Автор аталмыш мәселенің алдын алу үшін баланың санасын ерекше баптап,  мектеп жасынан ұлттық тәрбиені бойына сіңіруді қолға алмақ.

Деректер мектептердегі тілдік әлеуетті қалай дәйектейді?

 Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан аумағында орыс тілінде білім алатын 75000 оқушы, ал Түркістан облысының өзінде ғана қазақ тілінде білім алатын 510000 оқушы тіркелгенін алға тарта аламыз. Қазақстан Республикасы ұлттық Статистика Бюросының 2022 – 2023 жылғы деректеріне сәйкеc, елімізде 6909 жалпы білім беретін мектептер бар. Оның 54% қазақ тілінде, 15% орыс тілінде, 30% аралас және 0.07% басқа да тілдерде білім береді. Яғни, білім алатын оқушылар санымен есептесек, елімізде 3.7 миллион оқушы бар, оның 2 миллионы қазақ тіліндегі сыныптарда оқиды. Байқағандарыңыздай білім саласында қазақ тілінің басымдылығы әлдеқайда жоғары. Ал демографиялық өсімнің деректеріне сәйкес алдағы он жылдықта елімізде қазақ ұлтының үлесі 85% межесіне жетпек, ал бұл көрсеткішті көрсете алған халық өз тілінің жоғалуына да жайдан жай қарамайды. Болашақта саны көптің сапасы да көзге көрінер. Сондықтан ана тілімізде сөйлейтін отандастарымыздың да саны артады. Сан ғасырлық тарихы бар тіліміз болашақтың айнасы екеніне кәміл сенетіндер баршылық.

Ұлттық мектептер идеясын алға тартқан тұлға жайлы, Ақсу ауданында әлі де орны бар біздің Кембриджіміз саналған Мамания туралы да қысқаша осы. Келешек ұрпағымыздың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін Аятжан Ахметжан секілді тұлғалар аянбай тер төксе, ұлттық дүниепайыммен болмысын байытқан ұстаз-шәкірт көбейіп, төл білім ошақтарының саны артса, нағыз тәуелсіздіктің таңы сол кезде атарына кәміл сенемін. Ал Тәуелсіздігімізді қалпына келтірілген жылдарда ашылған ұлттық мектептер санының әлі де болса көбейеріне тілектеспіз.

 

Мөлдір Түктібай

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің 1-курс студенті

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар