Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында 14 жастағы оқушы Қали Қуаныш Темірбекұлы қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне мектептегі жағдай себеп болуы мүмкін деп санайды, деп хабарлайды Alash.kz.
Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің 7-сыныбында оқыған Қуаныш отбасындағы алты қыздың арасындағы жалғыз ұл болған. Отбасының мәліметінше, қайғылы жағдай 25 ақпанда орын алған. Сол күні алгебра сабағында сыныптағы оқушы тақтадағы жазуды көре алмай, телефонымен суретке түсірген кезде кадрға мұғалім де түсіп қалған. Туыстарының айтуынша, мұғалім Қуаныштан өзін әдейі түсірген-түсірмегенін сұрап, бала тақтаны ғана түсіргенін айтқанына қарамастан, оған 200 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін айтып, түсініктеме жаздырған.
Осыдан кейін мұғалім оқушыға әкесін шақыруды тапсырған. Қуаныш әкесін ертіп келетінін айтып, қоңырауға шамамен бір минут қалғанда мектептен шығып кеткен. Отбасының айтуынша, одан кейін оқушыны бірден іздеу басталмаған.
«Бір сағаттай уақыт өткен. Кейін тағы екі-үш сабақ болған. Оның ішінде басқа мұғалімнің және директордың сабағы да болған. Бірақ ешкім Қуанышты іздемеген. Сыныптастары алаңдап, ата-анасына хабарласқысы келген, алайда оның телефонын алып қойған», — дейді марқұмның жақындары.
Кейін алгебра пәнінің мұғалімі отбасының үлкен қызы Жансаяға телефон шалып, Қуаныштың мектептен кетіп қалғанын хабарлаған. Сол күні кешке оқушыны туыстарының бірі үй маңынан өлі күйінде тауып алған.
Қайғылы жағдайдан кейін мектеп директоры, директордың орынбасары және сынып жетекшісі отбасыға көңіл айтуға барғанымен, алгебра пәнінің мұғалімі келмеген. Марқұмның отбасы 500 мың теңгеге адвокат жалдағанымен, істің алға жылжуына қатысты күткен нәтижені ала алмағандарын жеткізді. Олар алгебра мұғаліміне тиісті шара қолдануды, сондай-ақ мектеп директоры мен мұғалім арасында туыстық байланыс бар-жоғын тексеруді сұрайды.
«Біздің ешқандай таныс-тамырымыз жоқ. Бізге әділдік керек. Малдан айырылып отырған жоқпыз, адамнан айырылып отырмыз. Бұл — алты қыздың арасындағы жалғыз бауырымыз», — дейді отбасы.
Сонымен қатар, марқұмның жақындары Қаракемер ауылындағы №14 мектептің жұмысына да кешенді тексеру жүргізуді өтінеді.
«Комиссия мектепті тексерсе екен дейміз. Бұл мектепте ашылмаған қаншама мәселе бар. Тексеру келген кезде барлығын жақсы етіп көрсетеді. Мұны оқушылардың өзі де растай алады», — дейді туыстары.
Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын ресми растады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», — делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі таңда оқушының өліміне нақты не себеп болғаны және оған басқа адамдардың әрекеті әсер етті ме деген сұрақтар бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.