Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Күнделігінде олардың күнде хат жазысып тұратыны жазылған". Жұмбақ жағдайда қайтыс болған атыраулық қыздың анасы тың дерек бөлісті

15:57, 26 қазан 2024 2353

Атырауда 18 қазанда із-түссіз жоғалып кетіп, бірнеше күннен кейін өлі табылған 23 жастағы қызға қатысты істің мән-жайы хабарданды, - деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Яна 2001 жылы 31 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Чапаево ауылында дүниеге келген. Жергілікті мектепті үздік бітіріп, Атырау мұнай және газ университетіне грантқа түсіп, мұнай-газ инженері мамандығы бойынша білім алған. Грант алғаны белгілі болғанда тек анасы мен жалғыз қызы бар шағын отбасы Атырауға қоныс аударыпты.

Дипломын алғаннан кейін Яна бірден оқуын жалғастырғысы келетінін айтып, магистратураға түскен. Осы жазда магистратураны бітіріпті. Оқып жүрген кезде қыз Атырау Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтында жоба әзірлеуші болып жұмыс істеген.

"Оның Астанада қорғалған көп жобасы болды. Докторлық диссертациясын қорғамақшы еді. Тамызда Астанаға барып, қазақ тілінен, ал қыркүйекте ағылшын тілінен ойдағыдай тест тапсырды. Бұл аспирантура үшін қажет болды. Қызым екінші жартыжылдықтан бастап оқуын жалғастыруды жоспарлаған болатын", - дейді Янаның анасы Галина.

Анасының айтуынша, Янаның алдына қойған мақсаты көп болатын. Ал "КазНигриде" ол кәсіби шеберлігі жағынан ғана емес, адами тұрғыдан да құнды қызметкер болған. Әріптестері оны сөзімен де, ісімен де қол ұшын беруге әзір, мейірімді, жанашыр қыз ретінде айтады.

Галинаның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол іссапармен Ақтауда болған.

"18 қазанда сағат 22:03-те қызыммен хат жазыстық, ол кешкі асын ішкен соң ұйықтаймын деді. Алда демалыс күндері болатын, ол жақсылап ұйықтап, демалғысы келді. Келесі күні мен басқа қалада едім, таңертең қызыма видео байланыс арқылы қоңырау шалдым. Телефоны өшірулі болды. Маған бұл оғаш көрінді, өйткені Яна телефонын үнемі қуаттап қоятын. Мен оған кез келген уақытта қоңырау шалсам, ол қашан да жауап беретін. Әлі ұйықтап жатқан шығар, ал телефонының қуаты бітіп қалған болар деп ойладым. Күні бойы байланысқа шықпады. Кешке әпкемнен үйімізге баруын өтіндім. Оның айтуынша, бүкіл бөлмеде жарық жанып тұрған, бірақ Янаның өзі үйде болмаған. Қызымның сырт киімі дәлізде ілулі тұрған. Қуаттағышы да, құлаққабы да үйде екен - ол бұл заттарын алмай, ешқайда шықпайтын. Ол өзін өлтірген адаммен көліктің ішінде сөйлескен, сондықтан да күрткешесін кимеген деп ойлаймын. 20 қазанда Атырауға ұшып келдім де, дереу полицияға қызымның хабар-ошарсыз кеткені туралы арызбен жүгіндім", - дейді анасы. "...Бізге бұл адамның аты-жөнін ресми түрде бермеді, бірақ мен оның кім екенін шамалап отырмын. Оның ешқашан жігіті болған жоқ, ешкіммен жүрмеді. Өйткені ол ең алдымен оқу мен мансап, содан кейін ғана қарым-қатынас болу керек деп үнемі айтатын. Бірақ бұл адамға соңғы кездері ол қоңырау шалса, шығып жүрді".

Янаның жазып жүрген күнделігі болған. Күнделік қыз жоғалғаннан кейін оны өлтіруі мүмкін адамның кім екенін шамалауға көмектесті. Күнделікте Яна Р. әрпімен белгілеген адамға қатысты кейбір сәттерді сипаттаған.

"Оның күнделігінде олардың күнде хат жазысып тұратыны жазылған. Менің түсінуімше, Р. келіп, қызым оны көруге шығады, олар көлікте отырады, содан соң қызым үнемі үйге қайтады. Мен бұл кісінің нөмірін қызымның достарынан алдым да, қызымды көрген-көрмегенін сұрадым. Ол қызымды көрмегеніне бір аптадан асқанын, онымен сөйлескеніне көп болғанын, онда да жұмыс бойынша сөйлескенін айтты. Әңгіме барысында ол кекештеніп сөйлесті. Янаның достарынан ол кекештенетін бе еді деп сұрадым, олар оның тілінің кемістігі жоқ деді. Әлі күнге дейін қызымды өлтірген адамның аты-жөнін білмеймін. Полиция бұл тергеу құпиясы деді. Янаның күнделігі де қазір полицияның қолында".

23 қазан күні таңертең күдіктілер - 24 және 25 жастағы екі ер адамның ұсталып, кінәсін мойындағаны белгілі болды.

Полиция департаменті қызды өлтіріп, денесі Жайыққа тасталғанын хабарлады. Қала тұрғынының жоғалып кетуіне байланысты "Адам ұрлау" және "Адам өлтіру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. "Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жарияланбайды", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Атырауда 18 қазанда сағат 22:00-де үйден шығып кетіп қайта оралмаған 23 жастағы тұрғын өлі табылды. Сол күні қызға іздеу жарияланған. Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 24 және 25 жастағы екі адам ұсталған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар