АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай арнайы құттықтау телеграммасын жолдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақ үй басшысы өз жеделхатында екі ел арасындағы стратегиялық өзара ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясында Мемлекет басшысымен жеке кездесуге ниетті екенін білдірді. Дональд Трамп өз құттықтау хатында былай деп жазды:
«Өткен жылы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап, екі елге де пайда әкелетін маңызды коммерциялық келісімдер жасауға дейінгі серіктестігімізді тереңдете түскенімізді мақтан тутамын. 1991 жылы Құрама Штаттар халықаралық аренада Қазақстанды егемен мемлекет ретінде алғашқы болып таныды. Еліңіздің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына адалдығымыз өзгеріссіз қалады. Америкалық компаниялар Қазақстанның әсерлі экономикалық табыстарында маңызды рөл атқарды және оны әрі қарай да жалғастыра береді. Елдеріміз арасындағы нығайып келе жатқан достық алдағы ондаған жылдар бойы нақты нәтижелер беретініне сенімдімін. Желтоқсан айында өтетін G20 саммитінде сізбен кездесуді асыға күтемін».