Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жұмысшы мамандықтар жылы: Астанада атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылды

15:22, 23 желтоқсан 2025

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Жұмысшы мамандықтар жылында орындалған жоспардың қорытындысы шығарылып, педагогтерді марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Іс-шара барысында Астанадағы техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы негізгі нәтижелер мен бастамалар таныстырылды.

«Жұмысшы мамандықтар – ел дамуының берік негізі. Еңбек адамы бар жерде тұрақтылық, сапа және нақты нәтиже бар. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жұмысшы мамандықтарды қолдау арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен шынайы кәсібилік идеясын қалыптастырамыз. Өз ісін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады». Айрықша атап өтетін жайт, бүгінде жұмысшы мамандығы мәжбүрлі таңдау ретінде қабылданбайды. Кәсіптік бағдар беру бағдарламалары мен ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда әрбір бесінші оқушы жұмысшы мамандығын тұрақтылық пен кәсіби өсудің саналы жолы ретінде қарастырып отыр», – деді Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елордада 100-ден астам тақырыптық іс-шара өткізілді.

Оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлауға арналған шаралар аясында колледждер базасында бастапқы біліктілік беретін 10 жұмысшы мамандық бойынша оқыту енгізілді.

Мектептерде 1 800-ден астам оқушыны қамтыған 100 бейіндік сынып ашылды. 12 мың оқушы мен студент үшін елорда кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастырылды.


32 колледжде еңбек нарығының сұранысына бағытталған кадрлар даярлануда. 90-нан астам кәсіпорынның өтінімі бойынша 3 мыңға жуық студент 17 мамандық бойынша мақсатты даярлау бағдарламалары арқылы білім алуда. Оқу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 900-ден астам орынға арналған студенттік жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын.

«Колледждер мен мектептерде шамамен 28 мың студент пен оқушы «Электрондық еңбек биржасы» платформасымен жұмыс істеу дағдыларын меңгерді. Бұл түлектердің болашақта еңбек нарығына бейімделуін жеңілдетеді. Сонымен қатар, маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған жастар еңбек жасақтарына 5 мыңнан астам студент пен оқушы тартылып, алғашқы еңбек тәжірибесін алды. Бұған қоса, материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жаңартылып, ресурстық орталықтар ашылуда, жұмыс берушілермен бірлескен қысқамерзімді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – еңбек нарығының нақты сұранысына бағытталған Joltap жобасы. Осы жұмыстың жалғасы ретінде Жұмысшы мамандықтар аллеясы да ашылды», – деп мәлімдеді Есет Байкен.

Іс-шара барысында кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, кәсіптік білім беруді дамытуға үлес қосқан елорда педагогтерін марапаттау рәсімі де өтті.


Жиынға Астана әкімдігінің, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, мәслихат депутаттары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, «Talap» КЕАҚ өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, Астананың жастар саясаты мәселелері басқармасының, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының, еңбек мобильділігі орталығының, қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері, педагогтер мен оқушылар қатысты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар