Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жұмыссыз қалмайды": Жасанды зерденің пайдасы мен зияны туралы маман не дейді?

08 шілде 2024 191

Бүгін де жасанды интеллект тек қана ақпарат саласына ғана емес, экстракорпоралды ұрықтандырудың да жүйесіне еніп кеткен деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.

"Экомед” орталығының мамандары аталық пен аналық ұрықты қосып эмбрион алған кезде, бірнеше "құтыдағы баланың" қайсысы әйелдің жатырында аман-есен өсіп шығатынын жасанды интеллект арқылы анықтайтын болған. 

Яғни жасанды интеллектісі бар EMBRYOSCOPE инкубаторы эмбриондардың жайлы жағдайда дамуын және әйелге тасымалдауға ең жақсы эмбриондарды таңдауға мүмкіндік береді.

Бұл инкубатор Қазақстанда тек Экомед және NGC клиникаларында орнатылған екен. Сонымен сапалы баланың пайда болуына әсер етіп, медицина саласына дүмпу жасап жатқан ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ біздің елде тағы қандай салаларды жаулап жатыр?

Бұл сұрақтың жауабын inbusiness.kz ІТ саласының маманы, ChatGPT мастері Тимур Бектұр мырзадан сұрап білген.

– Тимур мырза, қарапайым тілмен айтқанда жасанды интеллект деген не? 

– Жасанды интеллект деген компьютердің немесе бағдарламалық жүйелердің адам секілді ойлана алуы. Елдің көпшілігі жасанды зерде бәрібір адам сияқты ойлана алмайды деп жатады. Дегенмен адам деңгейіне жетуге әлі де уақыт керек. Үздік-үздік операцияларды жасау кезінде адам сияқты ойлану үшін жасалған бағдарламалар. Бұрын мысалы бір ғимаратқа адамды кіргізу үшін немесе көлікті кіргізіп-шығару үшін арнайы күзетшінің көмегіне жүгінетін. Ал қазір бейнебақылаудағы компьютерлік жүйе адамды ит-құстан ажырата алады, сосын жадысына сақталған автокөліктердің нөмірін танып есікті ашады. Осының бәрін бір компьютермен басқаруға мүмкіндік туғандықтан, жасанды зерде көмекке келеді. Яғни жасанды интеллект-адамның шешім қабылдау мүмкіндіктерін қолданатын жүйе. 

– Нейрондық желі – адам миының көшірмесі деген дұрыс па?

– Нейрондық желі расымен адамның миының көшірмесі. Сіздің алдыңызда бірден онға дейінгі сандар тұрса, сіз оны бірден бір екі үш төрт деп санап кетесіз. Біздің миымыздағы талшықтар яғни нейрондар әрбір санды кішкентай кезден жаттап алған. Енді сол миымыздағы әріптерді, сандарды, оюларды тану әдісін компьютерлік бағдарламаларға көшірген кезде нейрондық желілер шығады. Нейрондық желі адамның миындағы байланыстарға қарап отырып жасалған. Қазір ғалымдар адамдардың миларының кейбір бөлшек-бөлшек жұмыс істейтін жерлерін алып компьютерге көшіріп жатыр. Әзірге адамның миының қалай жұмыс істейтінін әлі толық зерттей алмай жатырмыз. Нейрондық желі тек аудионы мәтінге айналдыру, мәтінді видеоға  айналдыру сияқты әдістерді жүзеге асырып отыр.      

– Мәселен, жасанды интеллект телевидение, медицинада бар. Тағы қандай мамандықтарға енді?

– Сіз таксиге отырсаңыз немесе шайтанарба айдап келе жатсаңыз сіздің колыңыздағы картадағы навигатор А нүктеден Б нүктеге дейін осыншама уақыт кетеді, жаяу жүрсеңіз былай жүріңіз, автобусқа отырсаңыз былай жүріңіз деп үш бағытыңызды анықтап береді. Сол бағдарламалардың барлығында жасанды зерде қолданылады. Тіпті сіз TikTok-та, Instagram-да отырсаңыз сіздің алда қандай видео көретініңізді сол әлеуметтік желілердің алгоритмдері шешеді. Оны жасанды интеллект жасап отыр. Біреуге мысалы футболдың үзінділері, енді біреулерге тамаданың той басқару әдістері шыға береді. Өйткені интернет қолданған адам осы уақытқа дейін өзіне не қызық екенін әлеуметтік желі арқылы үйретіп тастаған. Қазір бір кәсіпкер спорт киімдерін шығарып оны таргет жасаса, оны сіз бен бізге көрсетпеуі мүмкін, оны спортты жақсы көретін адамдарға көрсетеді. Гуглдің жиі аудармасын да қолданамыз. Міне осының барлығы жасанды зердемен жұмыс істеп жатыр. Есеп, қаржы, мұнай саласының барлығына енді. 

– Жасанды интеллектіні пайдалану тегін бе әлде  ақылы ма ? Қосымшалары (Приложениелері) туралы айтсаңыз

– Егер сіз ауылшаруашылық, жер қыртысын зерттеу сияқты күрделі өндірістік аймақта жұмыс істейтін болсаңыз, жасанды зердеге негізделген бағдарламалар ақылы. Өйткені ол сіздің табыс табуыңызға бағытталған қосымшалар. Ал егер сіз әлем қолданып жатқан аударма ісін жасағыңыз келсе, суретті өңдеп, мәтін жазғыңыз келсе онда ол тегін. Көпшілікке арналған жасанды зерде бар және нақты бір салаға арналған интеллект бар. Қазір мәселен медицинада диагноз қою, дәрі-дәрмекті, анализдерді анықтап беру сияқты функцияларды атқару үшін жасанды зерде жұмыс жасап жатыр. Бұл әдетте ақылы. Енді оны ақысыз тегін ету үшін жұмыс жасалып, елге қолжетімсіз болған күрделі технологияларды көпшілікке жеткізу үшін жасанды интеллект дамып жатыр. Бұрын компьютер тек байлардың үйінде ғана болатын. Қазір ол екінің бірінде бар. Сол сияқты болашақта жасанды интеллект елдің бәріне қолжетімді болады. 

– Жасанды интеллектімен тағы не істеуге болады?

– Қазір жасанды интеллектіні қаржы саласындағы алаяқтарды анықтау үшін қолданып жүр. Мәселен, сіз Қазақстанда тұрасыз. Ал сіздің картаңыз арқылы Америкада біреу бір зат алып жатуы мүмкін. Сол кезде сіздің банкіңіз компьютердегі жасанды интеллект арқылы оны бұғаттайды. Сосын сізге "бір күмәнді ескерту болып жатыр" деп ескерту жібереді. Сол кезде егер сіз өзіңіз сауда жасап жатсаңыз онда ол ақшаны босатады. Ал егер өзіңіз емес екендігіңізді айтсаңыз картаңызды бұғаттайсыз да, сосын картаңызды қайта өзгертуіңіз мүмкін. 

– Оның қандай пайдасы мен зияны бар? 

– Жасанды зерденің пайдасын өздеріңіз көріп жатырсыздар. Ал зияны дипфейк. Дипфейк деген айтпаған сөзді айтты, болмаған нәрсені болды деп көрсетуі. Мәселен, президенттің аудиосын алып, оны жасанды интеллектке үйретіп, кез-келген мәтінді оқытып қоюға болады. Жасанды интеллект туралы білмейтін көпшілік президент айтты екен деп, алаяқтардың жасаған видеосына сеніп қалуы мүмкін. Осы зерде арқылы Трамптың, Рим Папасының  фотолары шынайы түрде жарыққа шықты. Көпшілік сеніп қалды. Дипфейк тұрғысынан осындай зияны бар. 

– Қандай мамандар болашақта жұмыссыз қалуы мүмкін? 

– Ешқандай мамандық иесі жұмыссыз қалмайды. Бірақ мұғалім бұрынғыдай оқыта алмайды. Бұрын тапсырмаларды интернеттен қарау мүмкін болмады. Енді жасанды интеллект пайда болғаннан кейін, оқу әдісі өзгереді. Жасанды зерде жұмыс істеу тәсілдерді өзгертеді. Өйткені ЖИ  мамандардың қате жібермеуіне бағытталған. Технологияны барынша игеру керек. Игермеген адам әрине жұмыссыз қалады. Адамды жұмыссыз қалдыратын жасанды интеллект емес, сауатсыздық, оқуға құлшыныстың жоқтығы.  

– Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу үшін қанша қаржы шығындайды?

– Жалпы Қазақстан қанша қаржы шығындайды деп айту қиын. Себебі қазір жеке компаниялар, зауыт фабрикалар, алып өндірістер өздері жұмыстарын жеңілдету үшін жасанды интеллектімен жұмыс істейтін құрылғыларын енгізіп жатыр. 

– Қазір танымал адамдардың түрлері, түрлі түсті жарнамалардың бәрі жасанды интеллектімен жасалып жатыр ? Халық енді алаяқтарға тағы да алданып қалмай ма?

– Әрине алданып қалады бірінші кезеңде. Опық жеген соң, алданбайды. Ал опық жемес үшін, сауатты болу керек. Жасанды интеллект келмей жатып та елдер пирамидалар мен үй салатындарға да алданып жатыр. Жалған дәрігерлер мен емшілерге де алданып жатқандар бар. 21 ғасырда адамдар алданып қалатын нәрселер өте көп. 

– Жасанды интеллектінің құрбаны болғандар бар ма? 

– Криптовалюта саласында құрбан болғандар бар. Танымал адамдардың осыған қаржы салдым деген түрлерін көріп, олар да биткоинды түсінбей от басқандары баршылық.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?