Өзбекстанда 2022-2023 жылдары «Док-1 Макс» және «Амбронол» дәрілік шәрбаттарын ішіп, көз жұмған және мүгедек болып қалған балалардың отбасыларына тиесілі өтемақы толықтай өтелді, деп хабарлайды Alash.kz.
Зардап шеккен балалардың ата-аналары тиісті қаржының 20-24 қазан аралығында есепшоттарына түскенін растады. Бұл ақпаратты Өзбекстан Бас прокуратурасы жанындағы Мәжбүрлі орындау бюросының баспасөз хатшысы Фаррух Тошпулатов та ресми түрде қуаттады.
Сот үкіміне сәйкес, өтемақы қаражаты қылмыстық іс бойынша сотталғандардан, соның ішінде Фармацевтикалық саланы дамыту агенттігінің бұрынғы басшылары мен үндістандық Marion Biotech компаниясының Өзбекстандағы ресми дистрибьюторы — Quramax фирмасының өкілдерінен өндірілуі тиіс еді. Дегенмен, банк үзінділері көрсеткендей, үш жыл ішінде айыпталушылардан тиесілі соманың тек 20 пайызы ғана өндірілген. Осыған байланысты қалған 80 пайыздық өтемақы жүгін мемлекет өз мойнына алуға мәжбүр болды. Әзірге бюджеттен қанша миллион бөлінгені туралы ресми деректер кейінірек жарияланады.
Төлемдер жасалғаннан кейін мемлекеттік орган өкілдері зардап шеккен отбасыларды ел Президентінің арнайы тапсырмасымен аралай бастаған. Сұмдық жағдайдың салдарынан мүгедек болып қалған Мухторжон Рахмонов есімді баланың әкесі өздеріне Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің келгенін айтып, іштегі өкініші мен жоспарын былайша жеткізді:
«Ұлымның жағдайы өзгерген жоқ. Ол әлі де естімейді және көрмейді. Біз оны шетелге емдетуге апардық, бірақ одан еш нәтиже болмады. Оған есту имплантын орнатқымыз келген, алайда ота 20 мың доллар тұратындықтан, бізде мұндай мүмкіндік болмады. Енді алған өтемақымызды имплант орнатуға жұмсаймыз».
Орталық Азиядағы бұл қайғылы оқиға 2022 жылдың желтоқсанында белең алған еді. Үндістандық фармкомпанияның суық тиюге қарсы дәрілерін ішкен соң елде бүйрек жеткіліксіздігі салдарынан 68 бала көз жұмып, 18 бала мүгедек болып қалды.
Жарты жылға созылған сот процесінің нәтижесінде қайтыс болған 68 баланың және денсаулығына ауыр зиян келген 4 баланың отбасына 1 миллиард сумнан (шамамен 38 млн теңге), жағдайы қанағаттанарлық 4 балаға 500 миллион сумнан (шамамен 19 млн теңге), ал денсаулығы жақсарған 8 балаға 200 миллион сумнан (7,5 млн теңге) моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарылды.
Бұдан бөлек, Фармацевтикалық саланы дамыту агенттігінің экс-басшысы Сардор Кариев 18 жылға, оның орынбасарлары 16 жылға, ал Quramax компаниясының бұрынғы директоры, Үндістан азаматы 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Осыған қарамастан өтемақы ала алмай келген ата-аналар 2025 жылдың қазан айында Президент Шавкат Мирзиёевке бейнеүндеу жолдап, мәселенің оң шешілуіне ықпал етті.