Танымал «Жігіттер» тобының мүшесі, әнші Мырзахан Маханов шаңырақ көтеріп, өміріндегі маңызды қадамдардың бірін жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ел сүйіктісіне айналған өнер иелерінің қуанышты жаңалығын әнші Бағлан Әбдірайымов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бірінші болып бөлісті. Ол әріптесінің дүбірлеген тойынан арнайы бейнежазба жариялап, жас жұбайларға ақ тілегін білдірді.
Бұл қуанышты сәтте Бағлан Әбдірайымов видеожазбасында сүйінші сұрай отырып:
«Жігіттерде той!» – деп қуанышын жасырмай, ағынан жарылды.
Салтанатты кеште «Жігіттер» тобының өзге де мүшелері, өнердегі ағалары Ерғали Әбдірайымов, сондай-ақ елге танымал беташаршы Қабдол сияқты бірқатар өнер адамдары бой көрсетіп, жастардың қуанышына ортақтасты. Желі қолданушылары да бұл жаңалыққа сүйсіне үн қосып, Мырзахан Маханов пен оның жарына баянды отбасылық бақыт тілеп жатыр.