Тибетте болған жер сілкінісі салдарынан 16 адам көз жұмып, тағы 32 тұрғын жарақат алды. Табиғи апаттан 339 тұрғын үй қирап, өңірде электр жарығы өшті, деп жазады Alash.kz порталы The Guardian сайтына сілтеме жасап.
Магнитудасы 7,0 болатын жер сілкінісі салдарынан кемінде 16 адам қаза тауып, тағы 54 адам жарақат алды. Жерасты дүмпулері аймақтың солтүстігінде жүздеген тұрғын үй мен шаруашылық нысанын қиратып кеткен. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Нагчу қалалық округі әкімшілігінің мәліметінше, табиғи апат салдарынан кемінде 339 тұрғын үй мен мал ұстауға арналған 20 қора-жай қираған. Жер сілкінісінің зардаптарын жою үшін жергілікті округтен 1600-ден астам адам жұмылдырылды.
Зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жеткізіліп жатыр.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) дерегіне сәйкес, жер сілкінісі бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 22:33-те болған. Оның эпицентрі Нагчу қаласынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 191 шақырым жерде, халқы сирек қоныстанған таулы аймақта орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы шамамен 18 шақырым тереңдікте болған.
Негізгі дүмпуден кейін мамандар магнитудасы 4,3-тен 5,2-ге дейін жететін кемінде жеті афтершокты, яғни қайталама жер сілкінісін тіркеген. Олардың ошақтары шамамен 10 шақырым тереңдікте орналасқан.
Қытайдың CCTV телеарнасының хабарлауынша, бұл соңғы бес жылда аймақта тіркелген ең күшті жер сілкінісі болды. Телеарна жариялаған бейнежазбаларда жерасты дүмпулері кезінде мейрамханалардан сыртқа асыға шыққан адамдар мен супермаркет сөрелерінен құлаған тауарлар көрсетілген.
«Синьхуа» агенттігінің мәліметінше, зардап шеккен кейбір аудандарда байланыс жүйесінде іркілістер болған. Теміржол қызметтері шұғыл шаралар қабылдап, жер сілкінісі болған аумақта пойыздар қозғалысын уақытша тоқтатқан.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына 300-ден астам полиция қызметкері мен аймақтық өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің шамамен 350 қызметкері тартылды. Құтқарушылар зақымданған ғимараттарды тексеріп жатыр. Кейбір нысандар қатты қираған, оның ішінде шатырлары опырылған үйлер де бар.
Жерасты дүмпулері салдарынан таулардан тас құлаған. Қауіпсіздік мақсатында билік №317 ұлттық автомагистральдің бір бөлігіндегі қозғалысты уақытша шектеді. Бұл учаскеде негізінен шұғыл қызмет көліктері мен құтқару бөлімшелерінің қозғалысына рұқсат етілген. Жол қызметтері үйінділерді тазалап жатыр.
Құтқару жұмыстарына қолайсыз ауа райы да кедергі келтіруі мүмкін. Болжам бойынша, алдағы үш күнде аймақта мезгіл-мезгіл қар жауады. Бұл іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуді және гуманитарлық көмекті жеткізуді қиындатуы ықтимал.