Алматыда алдағы уақытта тағы бір ірі және бір кішігірім жер сілкінісі болады, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанға қуаңшылық келе жатыр деп хабарлады көріпкел Ақгүл Есетқызы, деп жазады Alash.kz.
Мұндай сұмдық болжамды көріпкел журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында жариялады. Оның сөзінше, бұған дейін Алматыда болған шайқалысты да алдын ала сезген. Алайда халыққа көріпкелдігін жеткізуден қорқатынын жасырмаған ол, тұрғындар тарапынан негізсіз айыптаулар жиі түсетінін ескертті. Осы орайда Ақгүл Есетқызы өз басындағы жағдайды төмендегідей төл сөзімен жеткізді:
«Халықтан көргеніңді айтуға қорқасың. Халық сені өлтіріп тастайды. Мен жақында Алматыда жер сілкінісі болатынын алдын ала айтқан болатынмын. Жер сілкінісі болғаннан кейін адамдар маған: “Сенің кесірің, сенің кінәң”, – деді. Мен барып жер сілкінісін жасағандай қарайды. Маған көрініп тұр, мен оны айтуым керек. Айтпасам, түнде қиналамын. Менің күйеуім түнде қалай қиналатынымды талай көрген».
Сондай-ақ көріпкел бұл айтылған сөздердің әлі басы ғана екенін, еліміздің басқа өңірлерін де үлкен сынақтар күтіп тұрғанын ескертті. Ол алдағы қауіптер жайлы сөзін ары қарай былайша сабақтады:
«Менің айтып жүргенім – айсбергтің ұшы ғана. Айтсам, ақтаулықтар көтере алмайды. Олар бізде тау болса ғана жер сілкінісі болады деп ойлайды. Алматыда тағы бір ірі және бір кішігірім жер сілкінісі болады. Оңтүстік Қазақстанға қуаңшылық келе жатыр».