Алматы қаласының Mysato мейрамханасында денсаулығы күрт нашарлаған 26 жастағы Жандосқа мекеме қызметкерлері медициналық көмек көрсетудің орнына полиция шақырғаны белгілі болды, деп жазады Alash.kz.
Бұл туралы марқұмның туыстары хабарлады.
Марқұм Жандос — спорт жаттықтырушысы. Ол оқушысымен бірге жарыстан кейін түскі ас ішуге мейрамханаға кірген. Сол жерде оның жағдайы күрт нашарлап, құсу белгілері байқалған. Кейін дәрігерлер азаматтың инсульт алғанын анықтады.
Жандостың әпкесінің айтуынша, мейрамхана қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетуге әрекеттенбеген, керісінше полиция шақырған. Тәртіп сақшылары оны мас адамдарды уақытша бейімдейтін орталыққа жеткізген. Бұл уақытта олардың жақындарына хабар берілмеген. Туыстарының сөзіне қарағанда, Жандос алкоголь тұтынбаған.
Кейін ата-анасы азаматты медициналық мекемеге жеткізіп, МРТ жасатқан. Зерттеу нәтижесінде оның миына қан құйылғаны анықталған. Дәрігерлер шұғыл ота жасағанымен, Жандос комаға түсіп, сегіз күннен кейін есін жимай қайтыс болған.
Туыстарының айтуынша, полиция тарапынан бұл оқиға бойынша әлі ресми қылмыстық іс қозғалған жоқ, құзырлы органдар бір-біріне сілтеп отыр. Марқұмның жақындары істің әділ қаралуын және нақты құқықтық баға берілуін талап етеді.

Фото: Әсел Әбдірахманова