Атырау қаласындағы пәтерлердің бірінен өлі табылған Әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Бауыржан Асаиновтың отбасы ресми мәлімдеме жасап, оқиғаға қатысты шындықты жайып салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Естеріңізге сала кетейік, шенеуніктің денесі 18 қазанда Атырау қаласындағы пәтерлердің бірінен табылған болатын. Осы қайғылы жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, түрлі қауесеттер мен ақпараттар тараған еді. Осыған байланысты марқұмның туған әпкесі Алма Мұқатова арнайы бейнеүндеу жариялап, бауырының өмірінің соңғы күндері қалай өткенін баяндап берді.
Алма Мұқатованың айтуынша, Бауыржан Асаинов қайтыс болар алдында еңбек демалысында болған. Осы уақытта ол Түркістан облысындағы «Сарыағаш» шипажайына барып демалған. Кейін Атырауға оралған соң тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, қажетті медициналық ем-шаралар қабылдаған. Марқұмның әпкесі бұл деректерді растайтын барлық құжаттар, соның ішінде шипажайға барғанын дәлелдейтін қағаздар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы отбасының қолында екенін қадап айтты. Сондай-ақ әріптестері оның сол күндері жұмыста болмағанын білген және онымен байланыста тұрған.
Бұдан бөлек, бейнеүндеуде отбасының тағы бір мүшесіне қатысты ақпаратқа да түсініктеме берілді. Әйелдің сөзінше, басқа бір бауыры 9 және 10 қазан күндері отбасылық жағдайларға байланысты Атырауда болған. Алайда 10 қазанда сағат 12:00-де ол өз тұрақты тұрғылықты жері – Астана қаласына ұшып кеткен. Алма Мұқатова бұл ұшу сапарын растайтын құжаттар да бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл туыс ешқашан тергеу органдарынан жасырынбаған және барлық қажетті түсініктемелерді беріп үлгерген. Осы орайда отбасы өкілі ресми түрде мынадай мәлімдеме жасады:
«Ешкім жауап беруден жасырынған жоқ. Жауап алу хаттамасы іс материалдарында бар».
Айта кетейік, отбасы мәліметіне сәйкес, марқұмның бауыры Атыраудан 10 қазанда кеткен, ал Бауыржан Асаиновтың денесі араға апта салып, 18 қазанда табылған. Дегенмен бұл деректердің өзі шенеуніктің нақты қай уақытта көз жұмғанын немесе өлімінің алдында қандай жағдайлар болғанын толық анықтауға жеткіліксіз. Бұл сұрақтарға тек құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеу жұмыстарының қорытындысы ғана нақты жауап береді.