Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Жаңа Қазақстанға” ескісінен аузы күйген ел сенбейді", "Рухани жаңғыру" - науқан". Ұлт қаймақтары Ұлттық идея жайын талқыға салды

20 маусым 2024 530
"Тәңір таңбасы" кітабының авторы, Жазушылар одағының мүшесі, ақын  Жанат Жаңқашұлы "Бізге қандай ұлттық идеология керек?" тақырыбында толғанып, оқырмандарына ой салды. Ақынның сауалына елге танымал тұлғалар, ғалымдар мен журналистер тіл қатып, елдік мүддеге сай Ұлттық идея жайында сөз қозғады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 
 
Ақын Жанат Жаңқашұлы "Жаңа Қазақстанға” ескісінен аузы күйген ел сенбейтінін" айтты:  
 
Бізге қандай ұлттық идеология керек? “2030” қалды. “Рухани жаңғыру” тозды. “Мәңгілік ел” абсурд. “Жаңа Қазақстанға” ескісінен аузы күйген ел сенбейді. “Адал адамға” жету үшін кемі елу жыл реформа керек. Бізге ұлтты ұйыстыратын, нақты іске асатын, ес-түссіз сенетін, керек десе жаныңды беруге болатын идея керек. Сондай идея айтыңыздаршы, оу, оқыған азаматтар. Әр ұлтты жетелейтін бір ортақ идея болуы керек. Онсыз күнің қараң. “Қытай арманы”, “Америка арманы” дегендей қазақтың да бір Ұлы арманы болу керек қой.
Сонымен қатар ұлттық идеяның өзектілігіне тоқталып, өз нұсқасын ұсынды. 
Мен ұлттық идеямыз жоқ десем билікте жүрген адамдардың біразы шоршып түседі. Жоқ екені рас қой. Жыл сайын бірдеме ойлап тауып жатамыз. Бір ойым “Менің елім, менің жерім” (Жұмекен) идеясы алға шықса дейді. Бір ойым “Отан” ұғымына үңілсек дейді. Сіздер не дейсіздер?
Ал елге белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ұлттық идеологияның барша қазынасы "Рухани жаңғыру" идеясында жатқанын, сол идеяның кезінде "көркемөнерпаздар концерті" деңгейінен аса алмай қалғанына қынжылды: 
Негізі, ұлттық идеологияның барша қазынасы "Рухани жаңғыру" идеясында жатыр. Сол идея кезінде "көркемөнерпаздар концерті" деңгейінен аса алмай қалды! Өкінішті! Ал, біз ол мәселе жолында 30 жылдан астам уақыт бойы ізденумен келеміз. Көп ұзамай, соның нәтижесін де көреміз, Жанат аға, Тәңірі жар болса!..
Жазушы Есболат Айдабосын:
 Стратегия керек. Әрі ондағы мақсат-мұрат өзгермеу керек, және орындалу керек. Басшылар ауысқанмен стратегиялық бағдарламалар ауыспауы тиіс. Біз стратегиялық жоспар құра алмай отырған жоқпыз, орындай алмай, әлде орындатпай келеді. Әліпби реформасының сиырқұймышақтанып кетуі көп жәйттен хабар береді.
 
Жыр құндағымен барша қазақты әлдилеген Ақұштап Бақтыгереева: 
Бұл күнде шала оқыған "молдалар"әр садақада сарнап "ұлттық идиология" жүргізіп, тобырды басқа жаққа бұрып жатыр.ал идиологтар креслоға жабысып,қара бастың қамын ойлап, әркімнің өз еркі, өз шаруамды түгендеп алайын деп ернін жыбырлатып отыр....- деп жазды. 
Абайтанушы, ғалым Cұлтан Ыбырай билік тарапынан түскен идеологияның жұмыс істемейтінін айтты: 
Жоғарыдан таңылған идеология, яғни билік тарапынан түскен идеология жұмыс істемейді, өйткені қалың жұрт үкімет, билікке сенбейді, жалпы совет үкіметі тұсынан лозунгіге негізделген идеологияға сенуден қалған. Партияның жасанды жиналыстарында, мектептерде оқушыларды зорлап қатыстырған, жүректерге жетпеген идеология жүре ме? Өміршең идея төменнен шығуы керек. "Алаш" идеясы жақсылардың бірігуінен туындады ғой. Дәл қазір "Алаш" идеясын қолдануға "Алыстан орыс-қытай салмақ салып" тұр, ішіңе де кіріп алып, идеология, экономика мен өндірісіңе тұсау салып отыр. Саяси тәуелсіздікке жету үшін бірінші сана тәуелсіздігі керек, сонда барып әртүрлі "құлдықтардан" арылуға мүмкіндік туады, яғни бүгінгі "орыс-араб-қытайқұлдардан" "қазаққа күзетші" (Абай) жасау керек. Содан кейін барып Әлихан айтқандай қазақ жеріндегі тас қазақтың киіміндегі түймеге, қойының жүні киіміне айналады. Сана тәуелсіздігіне жетудің алдында "Адам кім?" деген сұрақ тұр. Бұл Абай қойған сұрақ. Адамға өзінің кім екенін, малдан айырмашылығын түсіндіру керек. Сол идеологияның негізіне айналуы керек.
Журналист Айгүл Болатханқызы “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” дұрыс бағыт болғанын, бірақ билікте мұны терең түсінген бір адам болмағанын айтады. Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша, ол шықпай жатып, өмір бойы жұмыс істеген бір-ақ адам болғанын, ол - Зейнеп Ахметова екенін алға тартады:
Ұлттық идеология жоқ. Тыныштықбек ағам дұрыс айтады, “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” дұрыс бағыт еді. Бірақ билікте мұны терең түсінген БІР АДАМ болған жоқ. Ешқайсысы ұққан жоқ, себебі бұл ұғым олардың табиғатында болмаған. Ауылда өссе де ұлттық құндылық дегенді мүлде қақпайтындар отыр ғой бізде. Олай дейтінім Денис Тен тұрған үйге ескерткіш тақта қоярда қате-қате жазумен бұрышына рухани жаңғыру деп қойған баннерді жасап әкелген қалалық әкімдіктегі “данышпандар”. Тура сондай жазуы бар баннер Бақытжан Момышұлы тұрған үйге ескерткіш тақта қойғанда болды. Топас болмаса кісі қолынан талтүсте опат болған қыршын жасқа солай жаза ма? Кешірім сұрауы керек еді ақымақтар, оған өре жетпеді, ақымақтар өйткені! Бақытжан ағамның үйіне ескерткіш тақта қойғанда бұрышында рухани жаңғыру деген жазуы бар баннерді әкелгеннен ше, рухани жаңғырды ма? Жалпы, біздің қазіргі қазақ сорлы ұлттық құндылық дегенді баласы үйленіп киіт аларда, сосын ет жақыны өліп соны көмерде іздейді, бітті. “Рухани жаңғыруға” млрдтар мен млндар бөлінді. Беті жылтыраған елге белгілі біреумен кездесу өткізіп рухани жаңғырдық деген сондай топас шенеуніктер толып жатыр. Мол қаржыны қалайда игеріп қалу керек болды. Өкініштісі, соған ие болған қазаққа ешқашан жаны ашымағандар. Бөлінген қаржының қайда, не мақсатпен жұмсалғаны шын тексеріліп, әділ қаралса, түрме жетпес еді бұларды қамауға. Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша, ол шықпай жатып, өмір бойы жұмыс істеген бір-ақ адам бар, ол - Зейнеп Ахметова және оның “Күретамыр” кітабы. Сенбесең тауып оқы. Барлық қазақтың өті жарылып өле қалса да, бір-ақ адам - менің апам! Ол бағдарлама “ескірді”. Соның аясында он жылдан бері тірлік етіп келе жатқан екінші адам - Аятжан мұғалім! Солай! - деп жазды журналист. 
 
Кеше Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса ""Ұлтты сақтап қалатын Ұлттық идеологияны қабылдайтын уақыт жеткенін" айтқан еді. Депутат ұлтты ұйыстыратын ұлттық идея болмаса, ұлттық құндылықтарды қорғайтын заң қабылданмаса, қоғамның рухани дерті ушығып, түйіткілді мәселелер көбейетінін айтады.
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?