Экс-Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, Парламентаралық одақтың Британ тобының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Alash.kz.
Кездесу барысында тараптар сараптамалық қауымдастықтарды дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу және Ұлыбританияның академиялық ортасымен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Бұл туралы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның сөзінше, алдағы уақытта бұл бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтіп, зерттеу нәтижелерімен алмасу мен сараптамалық пікірталастарды жалғастыру жоспарланып отыр.
«Бүгін Taldau AI Analytics орталығында Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, Парламентаралық одақтың Британ тобының өкілдерімен кездестік. Сұхбат барысында сараптамалық қауымдастықтарды дамыту және осы бағытта тәжірибе алмасу мәселелерін талқыладық.
Кездесуде Талдау қауымдастығының қалыптасу жолына және соның аясында жүзеге асырылған жобаларға кеңірек тоқталдым. Бүгінде бұл жұмыс арнайы аналитикалық орталық арқылы жаңа қарқынмен атқарылып жатқаны да әңгімемізге арқау болды.
Жалпы, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігі Талдау қауымдастығы аясындағы бастамаларға қызығушылық танытып, қолдау көрсетіп келе жатқанын айрықша атап өткім келеді. Соның арқасында қазақстандық сарапшылар Корольдіктің ірі зерттеу институттарының бірі RUSI өкілдерімен нәтижелі кездесу өткізді.
Сонымен қатар Алматыда ұйымдастырылған өңірлік Талдау мектебінің алғашқы легінде әлеуметтік, саяси және экономикалық ғылымдар саласы бойынша Лондондағы іргелі зерттеу орталығының өкілі, белгілі сарапшы, доктор Филипп Роде дәріс оқыды.Оның сөзінше, тараптар алдағы уақытта да зерттеу нәтижелерімен алмасып, сараптамалық пікірталастар ұйымдастыруға ниетті.
Бүгінгі кездесуде осы байланысты әрі қарай жалғастырып, зерттеу нәтижелерімен алмасуға, сараптамалық пікірталастар ұйымдастыруға дайын екенімізді айттық. Сондай-ақ Ұлыбританияның академиялық ортасымен ынтымақтастықты одан әрі нығайту және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Біздің басты мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі беделді талдау институттарымен тұрақты серіктестік орнату арқылы елімізде бұл саланы дамыту және білікті, бәсекеге қабілетті сарапшылардың жаңа буының қалыптастыру.
Осы жолда қолға алған бастамаларға бүгінгідей кездесулер тың серпін береді деп сенеміз», – деп жазды Мәулен Әшімбаев.