Бұрынғы Сенат депутаты Геннадий Шиповских жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Геннадий Шиповских «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы жұмысына қайта кірісті.
Оның компаниядағы нақты лауазымы әзірге жарияланған жоқ.
Геннадий Шиповских бұл туралы желідегі парақшасында хабарлады.
«Достар, сіздермен жақсы жаңалығыммен бөліскім келеді!
Мен қайтадан өзімнің шыққан салама — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына оралдым.
Еңбек жолым осы темір жолдан басталған еді. Енді міне, араға біраз жыл салып, қайтадан осы үлкен ұжымның қатарындамын.
Алдағы уақытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мүддесін білдіріп, жаңа міндеттерге кірісетін боламын.
Жаңа жұмыс, жаңа міндеттер! Алдағы уақытта баршаңызбен байланыста боламыз. Бәрімізге сәттілік!», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Геннадий Шиповских еңбек жолын теміржол саласында бастаған. 2010 жылы Қызылорда Локомотив жөндеу депосына жылжымалы құрам слесарі болып жұмыс істеген. Кейін Қызылорда локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі болып еңбек еткен.
2016 жылы Геннадий Шиповских Мәжіліс депутаты болып сайланып, 2023 жылға дейін VI және VII шақырылымының депутаты болды. 2023 жылы 24 қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Сенат депутаты қызметін атқарды.