Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлттың жадын бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды»: Шолпан Каринова маңызды мәселе көтерді (ВИДЕО)

14:30, 16 қыркүйек 2026

Құрылтай сессиясының отырысында «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілерде тарихтың бұрмалануына жол бермеу және ұлттық сананы қалыптастыру мәселесін ортаға салды, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысының ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ерекше мән бергенін атап өтті. Шолпан Каринова тарихи шындыққа объективті көзқараспен қарау — әділдіктің негізгі қағидасы екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Құрылтай сессиясының ашылуында ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ерекше мән беруді атап: «Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деді. Бұл – ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға мемлекеттік деңгейде жүйелі көзқарас қажет екенін көрсетеді. «Әділет» саяси партиясының ұстанымы – әділдік ұлттық сана мен болмыстың негізгі қағидасының бірі болуы тиіс. Ал әділдік тарихи шындыққа объективті көзқарастан басталады», — деді Құрылтай депутаты Шолпан Каринова.

Сондай-ақ халық қалаулысы бүгінде жастардың ақпаратты негізінен TikTok, Instagram, YouTube сияқты цифрлық платформалардан алатынына тоқталып, желідегі жалған деректерге қарсы кәсіби тосқауыл қоятын жүйе керек екенін баса айтты.

«Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жеткізіледі деген сұрақтың маңызы артып келеді. Өкінішке орай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет. Бұл мәселе тарихпен ғана шектелмейді. Халықпен кездесулер кезінде елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмыстарды азаматтардың толық біле бермейтініне көз жеткіздік. Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде», — деп толықтырды ол.

Өз сауалында Шолпан Каринова реформалар мен өзгерістерді дұрыс түсіндіретін журналистиканың рөліне назар аударып, ақпараттық кеңістіктегі бәсеке ұлттық санаға тікелей ықпал ететінін атап өтті. Осыған орай «Әділет» фракциясы Үкіметке бірқатар нақты ұсыныстар енгізді.

«Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет. Мемлекеттік ақпараттық саясат та осы бағытқа басымдық беруі керек. Ол тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі тиіс. Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет. Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді. Сондықтан ақпараттық кеңістіктегі бәсеке – ұлттық санаға ықпал ететін бәсеке», — деді Шолпан Каринова.

Депутат фракция атынан Үкіметке ұлттық тарихи сананы ақпараттық саясаттың басым бағыты етуді, TikTok, Instagram, YouTube желілерінде тарихи контентті заманауи форматта насихаттайтын жобаларды қолдауды және фейк ақпараттарға шұғыл жауап беретін арнайы тетіктер қалыптастыруды сұрады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар