Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаңа жауапкершілік»: Экс-Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жаңа қызметке сайланды

18:14, 26 қазан 2026

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазір немен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.

Мұрат Әбенов Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі салалық комиссиясының төрағасы болып сайланды.

Өз жазбасында ол жаңа қызметіндегі негізгі міндеттерін атап өтіп, білім беру, ғылым және адами капиталды дамыту бағытында қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Жаңа жауапкершілік. Бірге жұмыс істейік!

Құрметті достар!

Кеше мені Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі салалық комиссиясының төрағасы етіп сайлады.

Бұл мен үшін депутаттық қызметтен кейінгі жаңа қоғамдық жауапкершілік.

Білім беру, ғылым, кадр даярлау мәселелерімен көп жылдан бері айналысып келемін. Жүйедегі кемшіліктерді ашық айтып, заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізіп жүрдім.

Бұл ұстанымым өзгермейді. Бірақ енді мәселелерді көтерумен ғана шектелмей, оларды шешудің нақты жолдарын бірлесіп іздегім келеді.

Біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттер қандай?

1. Мектепке дейінгі білім. Балабақша баланы жай ғана қарайтын орын болмауы керек. Баланың ойлау қабілетін, тілін, танымын дамытып, мектепке дайындауы тиіс.

2. Мектептегі білім сапасы. PISA халықаралық зерттеуінің нәтижелері ойландырмай қоймайды. Балаларымыз тек жаттап қана қоймай, оқығанын түсініп, талдап, өз бетінше ойлай білуі керек.

3. Техникалық және кәсіптік білім. Еңбек нарығы мен маман даярлау жүйесінің арасында үлкен сәйкессіздік бар. Дипломы бар адам көп болғанымен, білікті жұмысшылар, техниктер, инженерлер жетіспейді. Бұл мәселені түбегейлі қарау қажет.

4. Жоғары білім мен ғылым. Университеттер тек диплом беретін орын емес, ғылыми зерттеу мен жаңа технологиялардың орталығына айналуы керек. Ғылым экономикаға, өндіріске, қоғамға нақты пайда әкелуі тиіс.

5. Инновациялар, цифрландыру және жасанды интеллект. Жаңа технологияларды сән үшін енгізбеуіміз керек. Жасанды интеллект те, цифрландыру да адамдардың өмірін жақсартып, білім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін өсіруге қызмет етуі қажет.

6. Қосымша білім және өмір бойы оқу. Әр баланың қабілетін дамытуға мүмкіндігі болуы керек. Ал ересек адам кез келген жаста жаңа мамандық игеріп, білімін жетілдіре алуы тиіс.

Осының бәрін біріктіретін ұғым бар. Ол - адами капитал.

Қазақстанның ең басты байлығы мұнай да, газ да емес. Біздің ең үлкен байлығымыз - адамдарымыз, олардың білімі, қабілеті, кәсібилігі.

Соңғы уақытта елімізде ғылым, жоғары білім, жасанды интеллект салаларында жақсы бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Оларды қолдауымыз керек. Сонымен бірге шешілмеген мәселелерді де ашық айтуымыз қажет.

Бізге реформа үшін реформа, есеп үшін цифрландыру, сән үшін жасанды интеллект қажет емес. Бізге нақты нәтиже керек!

Осы ретте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға,  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке , Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа ашық әрі сындарлы ынтымақтастыққа дайын екенімді білдіремін.

Сондай-ақ Құрылтаймен тығыз байланыста жұмыс істеуді маңызды деп санаймын. Әсіресе, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовпен және Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиевпен бірлесіп, нақты заңнамалық ұсыныстар әзірлеуге мүдделіміз.

Біздің комиссия министрліктерге қарсы тұратын емес, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында ашық пікір алмасуға, мәселелерді шешуге көмектесетін алаң болуы керек.

Мұғалімдерді, тәрбиешілерді, ғалымдарды, колледж және университет оқытушыларын, кәсіпкерлерді, IT мамандарын, ата-аналарды, студенттерді бірлескен жұмысқа шақырамын.

Пікір жазыңыздар. Ұсыныс беріңіздер. Кемшіліктерді ашық айтыңыздар. Жақсы тәжірибелермен бөлісіңіздер.

Бірге талқылайық. Бірге шешім іздейік. Қажет болса, заңдарға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындайық. Үкіметке, министрліктерге, Құрылтайға жеткізейік.

Барлық мәселені бір күнде шешеміз деп уәде бермеймін. Бірақ әрбір орынды ұсыныстың назардан тыс қалмауына күш саламын.

Аз сөз. Көп жұмыс. Ең бастысы, халыққа пайдалы нақты нәтиже!

Бірге жұмыс істейік!», – деп жазды Мұрат Әбенов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар