Өскеменде «Magnum» супермаркеті тағы да сын астында. «Жаңа адамдар» қозғалысы өткізген «Время истекло» акциясы кезінде дүкен сөрелерінен ондаған ескі тауар табылды. Оның ішінде тіпті бір жылдан астам бұрын жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түліктер де бар, деп хабарлайды Alash.kz.
Белсенділердің айтуынша, дүкенге ескерту жасалғанымен, бір айдан кейін жағдай жақсармаған, керісінше, нашарлаған. Бұл жолы сөрелерден ет пен қышқыл-сүт өнімдері де шықты.
Жағдайды халыққа көрсету үшін белсенділер үш бөшкеге жарамсыз тауарларды салып, «Magnum мерзімі өткен тауарларды сатады» деген жазуы бар газельмен қаланы аралап шықты. Қоқысқа айналған азық-түліктерді олар кейін дүкенге қайтарып берді.
Акцияға қатысқан Амина Аманбаева былай деді:
«Мерзімі өткен тауар — бұл тек қоқыс емес, бұл — мерзімі өткен сана. Біз тек дүкендегі өнімдермен емес, адамдардың ескі әдеттерімен күресіп жүрміз. Өзгеріс әрқайсымыздан басталады».
Оқиға орнына келген супермаркет директоры жағдайды мойындап, утилизациялау жұмысына қатысып, мұндай келеңсіздіктің қайталанбайтынын айтты.