Израиль армиясы Газа қаласын толықтай оккупациялау жоспарын ресми түрде бекітті, деп жазады Alash.KZ.
13 тамызда Бас штаб басшысы Эяль Замир ішкі қауіпсіздік қызметі «Шин-Бет» өкілдерімен кездесіп, операцияның негізгі кезеңдерін талқылады. Сол жиында Газаның оңтүстік-шығысындағы Зейтун ауданындағы соңғы шабуылдар да сөз болды.
Ресми мәліметке сүйенсек, жаңа әскери қадамдар Израильдің саяси басшылығы бекіткен нұсқауларға сәйкес жүзеге асады. Дегенмен, 7 тамыздағы Қауіпсіздік министрлер кабинеті отырысында Бас штаб пен кейбір министрлер арасында бұл жоспарға байланысты айтыс-тартыс болған.
Ақырында, Қауіпсіздік кабинеті Газа қаласын басып алу жоспарын ресми түрде мақұлдады. Бұл шешім аймақтағы шиеленісті одан әрі күшейтуі мүмкін.