Алматы қаласында жүргізілген арнайы рейд барысында тұрғын үй кешендерінде заңсыз жұмыс істеп келген 71 пәтер анықталып, жабылды, деп хабарлайды Alash.Kz. Polisia.kz ресми дереккөзіне сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары “Участок” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауқымды тексеріс жүргізген. Нәтижесінде “Манхэттен”, “Ақбұлақ” және “Каусар” тұрғын үй кешендерінде интимдік қызмет көрсетумен айналысқан жасырын пәтерлер анықталды.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, мұндай заңсыз орындарда азаматтарға интимдік түрлі қызметтер ұсынылған. Ал олардың иелері тұрғын үйді қылмыстық мақсатта пайдалануға рұқсат берген. Барлық дерек бойынша пәтер қожайындары заң аясында жауапкершілікке тартылып жатыр. Сонымен қатар, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдар да әкімшілік жазаға ілікті.
Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан бұл мәселеге қоғамның да бейжай қарамауы керектігін атап өтті:
“Қоғамдық тәртіпті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Полиция күн сайын алдын алу жұмыстарын атқаруда. Дегенмен әрбір азамат өзінің тұрғылықты жерінде қауіпсіздік пен тыныштыққа жауапкершілікпен қарауы тиіс. Кез келген заңбұзушылықты байқасаңыздар, дереу хабарлаңыздар”, – деді ол.
Құзырлы органдардың мәліметінше, мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғаса бермек.