Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ылдым-жылдымдар, көзі ойнағандар, жыпылдағандар, өтірік сөйлейтіндер". Әнші Назарбаевтың кадрлары келіп жатқанын айтты

15:19, 19 наурыз 2024 443

Дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай қазіргі қоғамдағы, мемлекеттегі басты проблемеларды атады. Соның бірі - дін мәселесі, - деді.

"Бір адам байыса, молдалар өзіне қаратып алады. Бизнесмендердің соңына түсіп алады. Сосын о дүниемен қорқытып, "ертең өлгенде тозақта жанасың" (дейді - еск.). Түбі ауылдан шыққандар бірден соған құлап қалады, өйткені о дүниеден қорқады. Сөйтіп қазір бүкіл қазақтың дәулеті дін ісіне бағытталған. Басқа шаруа жоқ", - дейді ол ASSYLTAS TV-ға берген сұхбатында.

Дәстүрлі әнші мұны "Ауғанстанға айналудың аз-ақ алдында тұрмыз" деп сипаттады. Оның сөзінше, кейбір тұста асып кеткен жерлеріміз де бар көрінеді.

"Жемқорлық асқынып бара жатыр, наркомания асқынып жатыр, діни проблемалар асқынып бара жатыр.

Ауғанстанға айналудың алдында тұрмыз. Тіпті кейбір тұста Ауғанстаннан асып кеттік. Анау күні кішкентай қыздардың айтып жатқанын көрдіңіз ғой. "Пайғамбардың нәжісімін жеймін, зәрін ішемін" дейді. Қазақ ондай деңгейге анау заманда түскен жоқ. Қазақ арам мен адалды айыратын халық қой.

Бірнеше жыл болып кетті, Пайғамбардың сақалын алып келді. Бір кемпір менің үйімді сақталған деп алып шықты ма, оған пәтер берді. Ол да бір жымысқы саясат қой. Сұмдық қой. Соған дейін жеттік. Қоғамның надандауы ғой. "Білім өмір шырағы" дейді. Білім жоқ, шырақ жоқ. Түнекке кіріп бара жатырмыз. Біздің қоғам әртүрлі соққылар алып жатыр.

Отыз жыл бойы сұмдық сыртқы күштер арқылы қазақтың санасына соққылар берілді. Соны көтере алмай есеңгіреп қалдық. Біз Назарбаевпен кетсін, кетті ғой деп ойлағанбыз. Оның жаңа формалары пайда болып жатыр", - дейді ол.

Ерлан Төлеутай кадр мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, билік ар-ұяты биік адамдарға мұқтаж.

"Қазір Назарбаевтың кадрлары келіп жатыр. Оларда ұждан жоқ. Тек ылдым-жылдым. Түк білмейтін стандарт адамдар. Не өндірісті білмейді, не кісілік қарым-қатынас жоқ. Басқаруды білмейді, ұйымдастырушылық қабілеті жоқ.

...Қазір ылдым-жылдымдар, көз ойнағандар, жырпылдағандар, өтірік сөйлейтіндер - солар келіп жатыр. Кадр саясаты да өте қиын жағдайда. Өйткені Назарбаевқа еліктеп өскен буын сол сияқты сөйлейді, жүреді, сол сияқты көзін алақтатады, сол сияқты екіленіп сөйлейді.

Осы тұрғыдан келгенде өзгеріс жоқ. Билікке ұжданды адамдар келуі керек", - дейді қазақ өнерінің жанашыры.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар