Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Халқымның арқасы! Бұл марапаттың орны ерекше»: Бақытжан Базарбек қуанышты жаңалығын бөлісті

22:16, 04 қараша 2026

Мәжілістің VIII шақырылымының депутаты, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Экс-депутат «Халық сүйіктісі» ұлттық премиясының «2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты» номинациясын жеңіп алды.

Бақытжан Базарбек өзіне қолдау білдіріп, еңбегіне жоғары баға берген халыққа ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, халықтың мүддесін қорғау жолындағы еңбегінің еленуі өзі үшін ерекше маңызды. 

«Достар!

«Халық сүйіктісі» ұлттық премиясында «2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым!

Халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл – халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі.

Жалпы, «Халық сүйіктісі» ұлттық премиясында «Жылдың үздік Парламент депутаты» атануым – бірінші рет емес. 2023 жылы қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге «2023 жылдың үздік Парламент депутаты» атанған едік. Ал 2024 және 2025 жылдары да осы байқаудың финалына дейін жеттім.

Мұның бәрі – мені сыйлап, құрметтейтін, еңбегіме жоғары баға беріп, ақ пен қараны ажырата білетін халқымның арқасы.

Біз үшін марапаттың өзі маңызды емес. Ең бастысы – Парламентте атқарған еңбегіміз, халық үшін жасаған игі істеріміз елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті? Маңыздысы – осы!

2026 жылы да көптеген шаруа атқардым. Олардың барлығын жақын арада жеке-жеке тарқатып айтатын боламын.

Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды.

Бүгінгі марапат – соның бір дәлелі деп білемін.

Өкінішке қарай, елімізде заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыру жолында атқаруды жоспарлаған жұмыстарымның барлығын аяқтап үлгермедім. Ол үшін, халқым, ұлдарыңызды сөкпеңіздер!

Алдағы уақытта Құрылтайдың жаңа депутаттарымен бірге заңдарымызды жетілдіруге, ел мүддесіне қызмет ететін бастамаларды жалғастыруға атсалысамыз. Мен де өз күшімді, білімім мен кәсіби тәжірибемді осы игі жолға жұмсауға барымды саламын.

Бәрі алда!», –деп жазды Бақытжан Базарбек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар