Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Хабарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жері анықталды»: ІІМ мәлімдеме жасады

09:47, 27 қазан 2026

Қазақстанда қазан айының 5-інен бастап тұрғын үй секторында құқық бұзушылықтардың алдын алу және полиция мен халық арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Alash.kz.  

Сондай-ақ биыл Ішкі істер министрлігі хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам азаматтың жүрген жерін анықтауды қамтамасыз етті.  

Ауқымды рейдтер барысында тәртіп сақшылары 249 мыңға жуық тұрғын үйді аралап, оның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтерді жіті тексерістен өткізді. Осы жұмыстардың нәтижесінде тиісті тіркеусіз тұрудың 9 мыңға жуық дерегі әшкереленіп, заңнаманы бұзған 7 189 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұнымен қоса, белгіленген тұрақты тұрғылықты жері жоқ 2 128 адам полиция бөлімшелеріне жеткізілді.

Осы іс-шара аясында полиция қызметкерлері тұрғындар арасында қауіпсіздік ережелері мен жеке мүлікті корғауға арналған 223 мыңнан астам арнайы жадынама таратты. Оған қоса, халықпен 8 мыңнан астам кездесу ұйымдастырылып, бұл жиындарға 160 мыңға жуық азамат қатысты. Тұрғындардан арнайы QR-кодтар мен желілік чаттар арқылы құқық қорғау органдарына 2 693 өтініш пен ұсыныс келіп түскен.  

Профилактикалық бақылау да назардан тыс қалған жоқ. Осы бағытта есепте тұрған 6 мыңға жуық азамат қайта тексеріліп, 1 511 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.  

Ауқымды шарада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу өзекті мәселе болды. Түнгі рейдтер барысында ересектердің қарауынсыз жүрген 3 883 жасөспірім анықталып, 396 бала арнайы бейімдеу орталықтарына жіберілді.  

Алматы қаласында жүргізілген тексеріс кезінде жергілікті кафелердің бірінен заң талаптарын бұза отырып жүрген кәмелетке толмаған жасөспірім табылды. Бұл заңбұзушылыққа байланысты мекеме иесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғалып, аталған кафенің жұмысы 10 тәулік мерзімге тоқтатылды.  

Құқық қорғау органдары хабарлағандай, «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы ел аумағында 5 қарашаға дейін жалғасады.  

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар