Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сайлау бүгін, 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.
ҰОҚ мәліметінше, Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.
Геннадий Головкин жаңа қызметінде Азия мен Еуропадағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысады. Ол қауымдастықтың алдағы жұмыс бағыттарын белгілеуге, Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге қолдау көрсетуге, спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және ISSA-ға мүше елдер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады.
Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды. Африка және Латын Америкасы өңірлеріне жауапты вице-президент қызметіне Марокко өкілі Наваль Эль-Мутавакель тағайындалды.
Геннадий Головкиннің ISSA басшылығына сайлануы оның халықаралық спорт саласындағы қызметінің жаңа кезеңіне жол ашты. Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді.
2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді. Осылайша, ол Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық атанды.
Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы Спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді. ISSA-ның жоғарғы заң шығарушы органы – Бас ассамблея. Қауымдастықтың ұйымдастыруымен өтетін басты спорттық додалардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.