Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ес-түссіз жатқанда құжаты мен телефоны ұрланған»: Қайрат Нұртастың кешіндегі дауға қатысты тың дерек шықты (ВИДЕО)

14:54, 13 қазан 2026

Шымкент қаласында эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың концерті кезінде халықтың тым көп жиналуынан қалың тобыр қысылып, арты төтенше жағдайға ұласты, деп хабарлайды Alash.kz.

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионға мыңдаған адам бір мезгілде кіруге ұмтылып, салдарынан кіреберісте халық шамадан тыс қаптап кетті. Осының кесірінен көрермендердің бір бөлігі ұзақ күтіп, ақыры концертке мүлде кіре алмай қалған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, орын алған жаппай дүрбелең салдарынан 18 жастағы бойжеткен ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Зардап шегушінің туыстары сұхбат беруден бас тартқанымен, дәрігерлер оның жүрегі мен миы зақымданғанын айтуда. Қазіргі таңда есін жия алмаған қыз әлі де жансақтау бөлімінде жатыр, оның жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Сонымен қатар, тобырдың астында қалып, жерде ес-түссіз жатқан сәтінде оның ұялы телефоны мен жеке құжаттары ұрланған. Жалпы бұл оқиға бойынша дәрігерлер көмегіне 8 адам жүгініп, оның бесеуі алғашқы көмектен кейін үйіне қайтарылған.

Оқиға кезінде аяқ асты қалған көрермендердің бірі Айжан Айбекқызы сол сұмдық сәттерді еске алып:

«Біз кешкі сағат бесте келдік. Концерт жетіде басталуы керек еді, сондықтан кешікпей, ішке ертерек өту үшін ертерек келдік. Біз Silver-зонаға 13 мың теңгеге билет сатып алдық. Бірақ ішке тек сағат сегіздер шамасында ғана кіре алдық. Адамдардың қысылып, қапталғаны екі рет қайталанды. Біріншісі кезінде мен аяғымды тайдырып алдым, аяғым қан болды. Адамдар үстіме құлай бастады және басып кетті. Мен кіреберісте тұрдым, ол жерде волонтерлар болмады. Жақында есінен танып жатқан және су іздеген адамдар көп болды», — деді.

Айтылған жағдайға байланысты Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша:

«Алдын ала мәліметтер бойынша, сатылған билеттердің саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Бұл халықтың шамадан тыс жиналуына әкеп соқтырып, көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төндірді. Концерттің ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар