АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған АҚШ-тың бейбіт жоспарын Владимир Зеленскийдің мақұлдауы қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ РБК-ға сілтеме жасап.
РБК таратқан ақпаратқа сәйкес, Ақ үйдің Овал кеңсесінде журналистермен сөйлескен Дональд Трамп Украина президенті ұсынылған жоспарды қабылдаудан басқа жолы жоқ екенін айтты. Трансляция Ақ үйдің YouTube-арнасында жүргізілген.
"Бізде бейбітшілікке қол жеткізудің жолы бар деп ойлаймыз. Оны ол (Зеленский) мақұлдауға тиіс", – деді Трамп.
АҚШ президенті бұған дейін Зеленскийге "оның қолында ешқандай карталар жоқ" екенін айтқанын еске салды. Оның сөзінше, АҚШ "көп өмірді сақтап қалуға" тырысып жатыр.
"Ол (жоспар – ред.) оған ұнауы керек. Егер ұнамаса, онда, білесіздер ме, олар соғысты жалғастыра беретін шығар", – деді Трамп.
Журналистердің: "Егер Зеленский жоспарды қабылдамаса, АҚШ Киевке қолдауды тоқтата ма?" деген сұрағына Трамп:
"Ерте ме, кеш пе, ол (Зеленский) бір нәрсені қабылдауға мәжбүр болады", – деп жауап берді.
Сонымен қатар, Трамп Украинаға шешім қабылдауды жеделдету қажет екенін айтты. Оның айтуынша, "алдағы қыс суық болады", сондықтан Киев уақытты созбауы тиіс. АҚШ президенті 27 қараша – бейбіт жоспарды қабылдау үшін белгіленген дедлайн екенін атап өтті.
Бұған дейін Владимир Зеленский де АҚШ-тың бейбіт жоспарына қатысты 10 минуттық үндеу жариялап, елдің күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтқан болатын.