Тележүргізуші Руслан Өтепбай талай жыл құлдықта болған Назгүл мен Құндыздың қазіргі жағдайын білу үшін Таразға барды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Соңғы кезде Назгүл мен Құндыздың жағдайы елді алаңдатып, Құндыздың талмасы халықты шошытқан еді. Руслан Өтепбай Санжар Тұрсынметовпен бірге мән-жайды анықтап білді.
Маман Санжар Тұрсынметовтың айтуынша, Құндыздағы ешқандай талма емес екендігін айтты. Дәрілерін уақытылы ішпегендіктен болған жағдай екенін айтты.
Құндыз бен Назгүлге алаңдаған жандардың назарына… Құрметті оқырман, соңғы күндері қос қыздың жағдайы бәріңізді алаңдатып қойғанын білемін. Сондықтан күні кеше психотерапевт Санжар Тұрсынметовпен бірге Таразға барып қайттық. Бастысы, апалы-сіңлінің қазіргі жағдайы бірқалыпты. Тек Құндыз дәрілерін уақытылы ішпегендіктен, дәлірек айтсам, Алматыдан Таразға қоныс аударғалы мүлдем ішпегендіктен, денсаулығы сыр берген. Дәрігер Санжар Тұрсынметов қыздардың жағдайымен жақынырақ танысып, қазіргі қамқоршылары Зульфия ханымға орындалуы тиіс медициналық шараларды түсіндіріп берді. Сіздерді алаңдатқан екінші мәселе бойынша... Құрметті оқырман, мен бұрынғыдай қыздарды Алматыға әкеліп, жанымда ұстай алмаймын. Себебі олардың заңды қамқоршысы емеспін. Ал заңға қарсы шығу-қылмыс. Тек Зульфия ханым қамқоршылықтан бас тартқан жағдайда ғана, апалы-сіңлінің қамқоршысы бола аламын. Дегенмен бұл қыздардың жағдайын бақылап, хал сұрасып тұруыма кедергі емес. Әр айда бір рет барып қыздардың жағдайынан хабар алып тұрамын. Менен бөлек Мемлекет, яғни Тараз қаласының қорғаншы және қамқоршы өкілі де қыздарды өз бақылауына алады… p.s. Қыздарыңыз сіздерге дұғай-дұғай сәлем жолдап, келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап жатыр!”,- деп жазды ол.