Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ең бастысы - адал азамат болу". Президент «Жаңа адамдар» форумында сөз сөйлеп, жастарды жігерлендірді

17:18, 08 ақпан 2025 51

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйлеп, белсенді жастармен ой алысып, пікір алмасты, деп хабарлайды Alash.KZ порталы.

Мемлекет басшысы елімізде заман талабына сай білікті мамандар өте көп екеніне тоқталды. Қазақстан жастарының креативті индустрияда да көптеген табысқа жетіп жатқанын жеткізді:

– Сондай дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік. Ең бастысы, адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Биыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанды көркейту қастерлі парыз екенін атап өтті. Берекелі бірлік пен жастардың жасампаздық қуатының арқасында Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға сенім білдірді. 

Форумда «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының Алматы кампусының жетекшісі Владимир Изюмников, қозғалыстың баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов, «Тұмар» азаматтық науқанының жетекшісі Ғалия Тузен, «Халық қаһары» азаматтық науқанының жетекшісі Әлихан Сәрсенов, «Antitrash» азаматтық науқанының жетекшісі Бауыржан Аманов сөз сөйлеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдірді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар