Жамбыл облысында мектеп мұғалімі жасөспірімге күш көрсетті деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау ошағына қамалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Аталған оқиға бойынша өңірлік Полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын растады.
«Күдікті қамаққа алынды. Қазіргі таңда кәмелетке толмаған баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», — деп мәлімдеді тәртіп сақшылары.
Құқық қорғау өкілдерінің айтуынша, жағдайдың ақ-қарасын анықтау үшін жан-жақты әрі объективті тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті процестік шешім соның қорытындысы бойынша қабылданады.
Мұғалімнің өзі бұл жайттың осыдан бір жыл бұрын болғанын, солақай сәтте эмоцияға бой алдырып, өзін ұстай алмай қалғанын түсіндірді. Тәртіп бұзғанын мойындаған педагог оқушының анасынан кешірім сұраған, сондай-ақ бұл өкінішін көпшілік алдында да білдірді.
Қазіргі таңда оқушының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген. Оқиғаның нақты уақыты мен туындау себептері тергеу аясында анықталатын болады.